ШЫМКЕНТКЕ 1-КЕЗЕҢДЕ МЫҢ ДАНА КВИ-ГЕ ҚАРСЫ ВАКЦИНА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда.

Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

Осы жылғы 1 ақпанда егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау көзделген. Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын айтты.

Осы орайда, Шымкент қаласына бірінші кезеңде 1 ақпан күні Ресей Федерациясынан мың дана вакцина жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Оны алғашқы болып инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем және емханалардағы мобильді топтың қызметкерлеріне салынатын болады. Жалпы осы жылдың бірінші жарты жылдығында 100 мың дана вакцина жеткізіліп, кезең-кезеңімен қала тұрғындарына салынады.

Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлінген:

I кезең – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады – 100 000 адам, 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап;

II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтары, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері – 150 мың адам, биылғы наурыздан бастап;

III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы сәуірден бастап;

IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы мамырдан бастап;

V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы маусымнан бастап;

VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адам, биылғы шілде айынан желтоқсанға дейін.

Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған. Өндірушіден медициналық ұйымдарға дейінгі барлық жолында вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында GDP стандарты «салқын тізбектің» әрбір кезеңінде жауапты адамдардың болуын көздейді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі