ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗ РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІК БОЛДЫ

Шымкентте №25 мектеп-гимназиясының ағылшын пәні мұғалімі республикалық «Үздік БЖБ/ТЖБ» байқауында жеңімпаз болды.
Елімізде таралған індетке байланысты қашықтан білім беру жүйесі енгізілген күннен бастап оқушылардың үлгерімін бағалау бойынша ұстаздар арасында байқау ұйымдастырылған болатын.
Білім сайысының негізгі шарты: мұғалім «OnlineMektep.org» сервисіне орындаған жұмыстарын жариялайды. Байқауға жолданған авторлық әзірлемелерді сайт қолданушылары жүктеп, қолданысқа енгізуіне қарай бағаланады.
Елімізде екінші рет ұйымдастырылып отырған білім бәйгесінде қаладағы Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Минасилова Назыгүл жеңімпаз болды. Оның авторлық сабағы 1948 жүктелімге жетіп, республикада үздік деп танылған.
Байқау жеңімпазына Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі