СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС БАҒЫТЫНДА НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті мәжілісі өтті. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов саладағы атқарылған жұмыстарды саралап, тиісті тапсырмалар жүктеді.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аcхат Жұмағали қала аумағында тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар және олардың алдын алу мәселелері, департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің нәтижесі туралы баяндады.

Ал Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтау, алдын алу және салдарын жою бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.
– Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сыбайлас жемқорлықты жою және алдын алу жұмыстарына тұтас қоғам болып жұмылып, мемлекеттік қызмет жүйесінің жаңа стандарттарын енгізуіміз қажет. Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің нәтижесімен еліміздегі жемқорлық дертіне жақын салаларды анықтап берді. Соның ішінде, денсаулық сақтау саласының мекемелерінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің басқа салалармен салыстырғанда жоғары екендігін көрсетті,-деді қала әкімі М.Әйтенов.

Шаһар басшысы қала тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыру, халықтың құқықтық санасын көтеру, мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерін толығымен электронды форматқа өткізу, денсаулық сақтау жүйесінің бірыңғай интеграцияланған цифрлық ақпараттық кеңістігін құруды тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов әлеуметтік саладағы сыбайластықтың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша баяндады. Бақытжан Жолдасбекұлы дәрігерлердің бос орындарға жұмысқа қабылдау туралы алгоритмін жасақтау, медициналық қызметтер мен анықтамаларды автоматтандыру жұмыстарын стандарттарға сәйкестендіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, деректер базасына бос жұмыс орындары туралы ақпаратты уақтылы енгізу, жұмысқа қабылдау алгоритмін енгізу жобаларын ұсынды.
Сонымен қатар, жиында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар жобалық кеңсенің 2020 жылғы атқарылған жұмыстары, Серғазы Әбілхаиров Шымкент қаласы әкімдігінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстары туралы мәліметтер берді.

Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі