БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕ КІМГЕ ЕЛІКТЕЙМІЗ?

Бала деген бауыр етін қазақ қалай тәрбиелеген? «Бес жасқа дейін патшадай күт, он беске дейін құлыңдай жұмса, он бестен кейін досыңдай сырлас» деген. Бүлдіршін күнінде махаббат пен мейірімге қанса өзіне сенімді, батыл болады. Он беске дейін жұмсау арқылы өмірдің ыстығына қыңбай, суығына тоңбай шығуға шынықтырады. Сосын досындай сырласып, қажет жерінде кеңесіп отырады. Дана бабалардың бір ауыз сөзіне бүкіл тәрбиенің өзегі сиып кеткен. Көнекөздеріміз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп, балапанын алысқа талпындырып, үлкен үміт күтеді. Туысқандық қатынасты сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты көркем мінездеріміз кім-кімге де үлгі етуге тұрарлықтай. Осындай сан ғасырлық дәстүрі қалыптасқан діңгегі мықты ұлттық жүйеміз барда, ұлымызда иман, қызымызда иба барда тек ілгері жылжи береріміз анық.

Осы тұста әр елдің бала тәрбиесіндегі маңызды деген тұстарын зерделеп назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Австралия жерінде балаларға ата-аналар көбірек көңіл бөледі. Себебі, мұндағы мектепке дейінгі ұйымдардың ақысы қалта көтермейтіндей қымбат. Ата-анасының бірі толық жұмыстан босап мектеп жасына жеткенше тек бала тәрбиесімен айналысады. Мектептерінде де сағаттап партада отырудың қажеті жоқ. Мұғалімнің айтқанын тыңдап, өзге іспен айналысып отырсаң болады. Мұндағы бүлдіршіндер табиғатта көбірек ойнап уақыт өткізеді. Оны «Табиғатпен тіл табысу» деп атайды. Ойында, оқуда, мамандық таңдауда балаларға еркіндік берілген, өздері қалағанын таңдайды. Ал, балаларды жеңіл-желпі жазалап ұрысқаны үшін ата-аналарды жауапқа тартпайды. Бірақ, зорлық-зомбылыққа жол жоқ.

Еврей елінде балаларды туған күнінен жеке тұлға болуға тәрбиелейді. Қасықпен аузына ас салып немесе тәй-тәйлап жетектемей, ата-ана тек бақылаушы рөлін атқарады. Мектептерінде егер баланың үлгерімі нашарлап кетсе оған ешкімді кінәламайды, жазаламайды. Тек «жүктемесі ауыр болып кетті» деп үй тапсырмаларын азайтады немесе мүлдем босатады. Бала қалпына келгенде өзі жалғастырып кетеді. Баланың тәртібіне, үлгеріміне қарамастан барлығын тең көреді. Еврей отбасыларында «Бала жасауы керек» деген нақты міндеттер жоқ. Бірақ, әрбір жасаған кішкене ісі үшін де мақтап, қолпаштайтын ата-ана бар. Ол балаға сенімділік береді. Өзіне сенімді бала қателесіп қалудан қорықпай жаңа дүниелер ойлап табуға бейім келеді. Нобель сыйлығын ең көп алған ұлт та еврейлер. Қыз баласын өзімшілдіктен сақтандырып, барынша қамқор, мейірімді болуға тәрбиелейді. Ұл баланы үлкен отбасының қорғаны болып жауапкершілік алуға баулиды. Үлкеннің сөзі немесе ісі баланың өмірін түбегелейлі өзгертуге қауқарлы деп біледі. Бала көрші үйінің терезесін сындырды немесе төбелесті деген салмақты тәртіпсіздік жасаса да ата-анасы ашуға булығып, айқайға баспайды, барынша дипломатиялық тұрғыда сөйлесе отырып шешеді.

Неміс жерінде балаларды балабақшадан-ақ өз құқықтарын білуге және тәртіпке үйретеді. Оларға қол көтеруге, дауыс көтеруге ешкімнің құқығы жоқ деп үйретіледі. Олар 30 жасқа жетпей отау құрса да балалы болуға асықпайды. Оған үлкен дайындық керек деп есептейді. Қаржылық мәселелерді толықтай реттеп, нәрестенің жеке бөлмесі болатындай үлкен үй, бала күтуші, жақсы педиатр тапқан соң ғана шешім қабылдайды. Сол себепті Еуропа құрлығының өзге елдерімен салыстырғанда мұнда туу көрсеткіші өте төмен. Балаларын ерте жатқызып ерте тұруға әдеттендіреді. Міндетті түрде күнделік жүргізіп, уақытын жоспарлап, қаржысын есептеуге үйретеді. Теледидарды 15-30 минут көруге ғана рұқсат береді. Көбіне сурет салып, музыкамен айналысып дамығанын дұрыс көреді. Балабақшаға баланы өз қатарластарымен тіл табыса алатын кезде ғана береді.

Қайсы елді алсақ та қазақтың «обал, сауап, ұят» деген үш ауыз сөзімен берген тәрбиесінің салмағы басым екенін байқаймыз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ» деген екен. Сондықтан, діңімізге берік болайық, қазақы болмысымызбен, тәрбие мектебімізбен мақтанайық.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.