МҰҚАЛИ ЖЫРЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ КЕШ ӨТТІ

Мұқағали жырлары мәңгілік махаббат пен сағыныштың үні. Уақыт зымырағанымен адамзат жанының үні сол бұрынғыдай тіл қатады. Арада қаншама ұрпақ ауысып, құндылықтар өзгерді. Алайда кешегі мен бүгінгінің арасын байланыстыратын өміршең дүниелер қайта жаңғыруда. Бұл жүректен шыққан шоқтығы биік шынайы туындыларға ғана бұйыратын бақ. Мұқағали жырлары да жаңа заман жастарының ыстық ықыласына шомылып, жылдан жылға ерекше ерлеп келе жатқаны соның айғағы…

«Мұқағали поэзиясы нағыз жастықтың жыры. Өлең оқымайтын кез келген адамды ақынның бір ғана шумағымен таңқалдыруға болады. Ғаламат тұлғаның туған күніне орай кеш ұйымдастыруымыздың мақсаты да поэзиясүйер замандастардың қатарын қалыңдату болатын» дейді Абылай мен Жаннұр.

Ақпан айының 12-де, Шымкент қаласында Мұқағали Мақатаевтың «Сезімім саған сөнбес» атты жастарға арналған әдеби сазды жыр кеші өтті. «Globall coffee» кофеханасында өткізілген ерекше форматты кеш бұған дейін Астана қаласында үш рет ұйымдастырылып, көрермендердің ыстық ықыласына ие болған. Ендігі Шымкент қаласында да алғаш рет қолға алынып, қайта жалғастыру туралы ұсыныстар түсіп жатыр екен.

Бұл кеш күйбең тіршілік тізгінінен бір сәт босатып, жүректерді тербейтін, өлеңдер мен әсем әндердің қосындысынан туған керемет атмосфераға бөлеуімен айрықша. Мұндай игі істің идея авторы әрі ұйымдастырушылары Ділдәбаева Жаннұр мен Абылайхан Талғатұлы келушілерге қатты ұнағанын алға тартады. «Алғаш осы іске кіріскенде көп орталықтар ақысыз көмек көрсетуден бас тартты, біраз кедергілер кездесті. Көпшілік арасында сауалнама жүргізгенімізде басым бөлігі поэзияға қызықпайтындарын ашық жеткізді. Біздің мақсатымыз жастарға поэзия құдіретін сезіндіру.  Сондықтан «шешінген судан тайынбас» демекші, жарты жолдан тоқтап қала алмадық. Алайда екі сағат деп жоспарлаған кештің қыза түскені соншалық үш жарым сағатта кофехананы әрең босаттық» дейді жас ұйымдастырушылар.

Кеш барысында поэзия оқитын өнерпаздарға алдын-ала кастинг жарияланып, тек үздіктеріне сахнаға шығу мүмкіндігі берілді. Сонымен бірге ақынның өміріне бойлап, гитарамен жанды дауыста әндер айтылды. «Ашық микрофон» аясында еркін тақырыпта өлеңдер оқылып, пікір алмасумен жалғасты. Кештің безендірілуі де көздің жауын аларлықтай. Ақынның жырларынан үзінді жазылған ашық хаттар арнайы аспаға ілініп, шам жарықтары оған қосымша әр бере түскен. Мұнда тек жастар ғана емес, орта буынның жырсүйер қауымы да аса қызығушылықпен бой көрсеткені байқалады. «Мұндай кешті алғаш рет көруім. Жастар жарады, тіпті өзімнің қалай шабыттанып, жыр оқып кеткенімді аңғармай қалдым. Алдағы уақытта тағы ұйымдастырылса міндетті түрде қатысар едім» дейді әдеби кеш үшін Қазығұрт ауданынан арнайы келген Айтбек Төлегенов.

Кофе исі, шам жарығымен бірге жүрекке сәуле боп енген Мұқағали жырларының ерекше кеші.  Алдағы уақытта үзілмесе, жалғасын тапса, апта сайын өткізілсе деген игі тілектер көп білдірілуде. Әр кеш сайын қара өлеңнің қадірін түсінер кемі бір жас буын тәрбиеленсе, неге жалғасын таппасқа?..