КӨКТЕМГІ БЕТ КҮТІМІ АҚПАННАН БАСТАЛАДЫ

 Көктем келісімен қыз-келіншектер одан әрі құлпыра түседі. Сонымен бірге бет терісі, шаш күтімі секілді проблемалар да осы мезгілмен қатар келеді. Сұлу болу үшін де сауаттылық керек, – дейді түркістандық косметолог-эстет Бағдат Исмаханбетова. Бағдат ханым бет күтімі туралы көптеген шетелдік курстарда ізденіп, сертификатталған. Алайда, қазақ әйелінің тері типі өзге, арнайы ескеретін жайттар баршылық, – дейді ол.

–…Жеткіншек кезімнен бастап бетімнің кем-кетігінен ұялатын едім. Теп-тегіс, таза, жарқыраған қысқасы қазіргі терімді армандайтынмын! Сол арманның арқасында көп курстарға қатысып, бет күтімі марафондарына жүгірдім. Семинарлардан сертификаттар жинап, вебинарлардан «ваау» деген білімді қанжығаладым. Алған білімді ең алдымен өзіме қолдандым. Жан-жақтан жинаған білімнің бірі нәтижелі келсе, екіншісі дұрыс емес болып шықты. Диллема. Дәл осылай бүкіл жиған-тергенімді сүзгіден өткізіп алдым. Ақыры осы саланы ұнатып маман болдым. Ендігі мақсатым қыз-келіншектерге ең пайдалысын паш ету. Бет күтіміндегі құпиялардың бетін ашып, «аңыздарын» таратпау.

Корей қыздарының құпиясы

  • Бар мәселе, «4-2-4 минут» техникасында: Жуынардан алдын 4 минут бойы гидрофильді маймен бетке массаж жасау керек. Осы аралықта май бетке жақсы сіңеді. Терідегі пораларда қандай кір болса да, сыртқа «атып шығады». Артынша, майдың үстіне пенка немесе умывалка жағып, 2  минут аралығында массажды қимыл жасап, жуады. Кейбіреулер, гидрофильканы жуып тастап, барып пенка жағады. Оның құпиясы сол, жуылмаған беттің үстіне жағылу керек. Үшінші этап, 4 минут бойы салқын және шамалы ыстықтау суды кезектестіріп отырып бәрін жуу. Нәтижесінде: қанайналым дұрысталады; поралар кішірейеді; бетің реңі бір қалыпқа келеді; тегістеліп, жылтырай түседі. Нағыз айтылмайтын сыр, жуынып болғаннан кейін 3 секунд өтпей тонер жағуда. Өйткені бетіңіз сумен қатынастан кейін құрғайды. Тезірек ылғалдылықтың орнын толтыратын ең маңызды құрал осы ғана!
  • Фейсфитнеспен жапа тармағай айналыса беруге болмайды. Оның ішінде бет бұлшықеттерінің орналасуына қарай, әркімнің проблемасын анықтап алып, берілетін маңызды дүниелер бар. Оның отаны Еуропа. Ал біздің бет олардыкінен едәуір ерекшеленеді. Оң-солын танымай, дидарыңызды одан әрі бүлдіріп алып жүрмеңіз!
  • Бет терісінің саулығы үшін салқын су ішу мүлде дұрыс емес! Асқазанға түскеннен, ағзаңыз мұздай сұйықтықты сіздің температураңызға сай етіп жылытуға тырысады. Ол үшін энергиясын жұмсайды. Бірақ бәрібір жылытып үлгермейді, ішілген салқын сұйықтық ісік болып қалады. Су температурасы 36-37 градустағы температураға жақын болса ғана, ол асқазаннан өтіп ішекке жетіп, ағзаңызды тазартады. Сондықтан, таңертең жылы суды отырып ішу арқылы теріңіздегі құрғақтықтың кішкене алдын аласыз.
  • Алайда, бет терісіне тек су ішу жеткіліксіз. Оны қабыршақтанудан сақтайтын тағы бір маңызды нәрсе – тонер. Бетті жуып болғаннан кейін әдетте не жағасыз? Крем? Сыворотка? Жо-жоқ, теріңізді аяңыз! Бетке су тигізгеннен кейін міндетті түрде тонер жағып, ылғалдылық қабатын орнату қажет. Негізі ылғалы азайған бет: жылтырап, майланып тұрады; сұрланып, табиғи өңін жоғалтады; қабыршақтанады. Егер де осы белгілерді байқасаңыз, шұғыл түрде тонер қолдануды бастаңыз. Суды дұрыс ішуді де жолға қойыңыз.
  • Қара нүктелер әдетте май бездері тым көп май бөліп жібергенде пайда болады. Артық май өлі терімен араласады. Ауадағы шаң-тозаңмен ашу процесі кетеді. Әдетте, майлы, тұзды, ащы, тәтті тағамдарды көп қабылдағанда, май күндегіден көбірек бөлінеді. Нәтижесінде, қара нүктелер де көбейеді. Алайда, ең үлкен себеп – бетті дұрыс тазаламау. Күнделікті қолданылған косметика, сырттан келген тозаң, бет терісіндегі майда тесіктерді, бөлінген майымен бірге толтырып тастайды. Сондықтан, тазалауды ең алдымен гидрофильді майдан бастау керек; одан кейін ғана жуынатын пенка, гель дегендерге өтуге болады. Сосын аптасына екі рет пилинг жасап отыру өте маңызды. Ол беттің сыртқы қабатына зақым тигізбей, бірақ өлі клеткаларды дер кезінде құртып отырады.
  • Еріннің айналасындағы әжімдер 40-тан кейін, ал 20 жасында-ақ пайда бола береді. Өмір сүру салтыңызға қарай, еріннің де айналасы өзгереді. Буккальді массаж кисетті әжімдермен күресудің бірден-бір жолы. Қолымызға перчатки киіп, аузымызға бас бармағымызды салып, сыртынан сұқ саусақпен шеңбер бойымен, ақырын уқалаймыз. Бұл жаттығуды аптасына 2-3 рет 5-7 минуттан жасасаңыз жеткілікті.
  • Дәл қазір бетті ағарту кезеңі. Ақпан айында күннің көзінде ультракүлгін сәуле күшейеді. Сол уақытқа дейін, дәрігерге қаралып, ағартатын косметиканы алып, күтім жасау керек.