ТҮЛКІБАСТЫҢ АЛМАСЫН ТАНЫТҚАН АСҚАР ТӨЛЕШОВ

«Түлкібастың алмасы – Алматының апортынан кем түспейді» дейді алмалы Алматыны көргендер, апортын жегендер. Апорт бүгінде арман боп қалғаны аян. Алайда, Түлкібастын алмаларынан еліміздің шет облыстағы тұрғындары жиі дәм татып жүр. Абыройын апортпен тең бағалайтындар да солар. Әсіресе, бекеттерде көп сатылады. Кішігірім шелектерге түр-түсіне, үлкен-кішілігіне қарай сорттап салынған алмаларды «Тү-ү-үлкібастың алмасы-ы-ы-ы» деп жарнамалап тұрғанда бойыңызды аз-кем мақтаныш кернейді. Қасыңызда бөтен қалалық досыңыз жүрсе, міндетті түрде Түлкібастың алмасы, табиғаты туралы біраз мағлұматты сапыра жөнелесіз. Пойыз келгенше…

Жәй жеміс көрінгенімен, әжептеуір ауыр тағдыры бар. Көпшілігіңізге белгілі болар, 90-шы жылдардың басында ел сатуға ыңғайы келгеннің бәрін саудаға салып күн көргені… Сонда кенеттен жол бойында, бекет, станцияларда су татыған, шырынсыз алмалар «Түлкібастың алмасы» деген атауды жамылып сатыла бастайды. Он шақты жыл бойы жолаушылар өтірік өнімге алданып келеді. Сапасыз өнім қашанғы қадірін сақтай алсын?! Түлкібастың алмасы тектілігін жоғалтып, абыройлы атағына дақ түседі. Осы тұста қым-қуыт заманмен бірге құрдымға кетейін деп тұрған өнімді өмірге қайта алып келген азамат, бүгінде арамызда жоқ АсқарТөлешовті еске алмау үлкен қателік болар еді. Ол – Түлкібаста жоғалып бара жатқан бау шаруашылығын қайта қолға алып, алманың тағдырына алаңдаған азаматтардың бірі.

Асқар Аңқашұлы Шақпақбаба ауылында туып-өскен. Әкеден тым ерте қалған. Он бес жасқа толысымен еңбекке еніп кетеді. Өйтпеске лаж жоқ. Қолынан келгеннің бәріне жұмыс деп қарады. Әскерге барып-келген соң, көлік жүргізіп, алты жыл бойы агробизнес колледжін бітіріп, Мичурин атындағы кеңшардың жеміс сақтау мекемесінде жұмыс істеген. Сол кездерден ауданның атын алмамен шығаруды күндіз-түні ойлады. Бұл ойын жары Айшаға жиі айтатын. Аудандық жиналыстар мен басқосуларда да азаматтарды осы мақсатқа жұмылдырып жүрді. Сондай сәттерде күрсіне қолдайтындардан, күле қарайтындар көп екені байқалатын… Ақиқатын айтатын, алған бетінен қайтпайтын Асқар аға іске кірісті де кетті. Бұл туралы қиын-қыстау уақытта үнемі жанында жүріп, ыстық-суықты бірге көтерген жары Айшадан артық ешкім айта алмас…

…Алғашқы қадамын 2002 жылы Шақпақбаба аулындағы бауға апаратын жол салудан бастады. Өзіміздің тірнектеп жинағанымыз бен жора-жолдастан қарызданып алған 70 мың доллар қаржының бәрін 8 км жолдың жөнделуіне жұмсадық. Меркеден арнайы көшеттер әкеліп, 25 гектар жерге шаншып шықтық. Көңілімізде алай-дүлей қорқыныш. Қалай болар екен? Өнеді ме? Өнбейді ме? деген сұрақтар маза берер емес. Алайда, Асқардың күдігінен гөрі сенімі басымырақ екен. Онысын: «Айша, уайымдама! Бұл бақ әлі өсіп шығады. Көрмейсің бе, қаншама жылдан бері қараусыз тұрған мына өрік жыл өткен сайын жемісін молайтып келеді. Мен мұны жердің дархандығы деп санаймын. Сондықтан да, дәл осы орынды біздің болашақ бауымызға лайық деп шештім» деп, аса бір рухты дауыспен айтқанда сезіндім. Жас шыбықтарды сәбиден кем күткен жоқпыз. Аязды күндері таңға дейін ұйқымыз төрт бөлінеді. Асқар мұндай күндері баудан бір қадам алыстамайды. Әрекет етсең, Алланың берекетін қайтаратыны шүбәсіз. Бірте-бірте жемістің дәмін тата бастадық. Алма бір жылы жеткілікті өнім берсе, келесі жылы сараңдық танытады. Уақытында жанұшырып жүріп, қарызға алған тоңазытқыштар мен өзге де техникалардың шығынын жабуға шамамыз жетіп қалған еді. Өткізу жағы оңайға соқпады. Алмаларды түр-түрімен бөліп, вагонға артып, Ақтөбеге дейін жеткізіп саттым. Асқар қойманың тірлігімен мұнда қалады. Жергілікті, ешқандай қоспасыз тәтті алма десем ешкім сенбейтін. Ал бүгінде көздері жетіп, алма Түлкібастың брендіне айналып үлгерді. Бір кездегі арманымызға арада талай жылдарды еңсеріп барып жеттік. Асқардың сонда құдды жас баладай мәз-мейрам болғаны көз алдымда көлбеңдей береді».

Аудан басшылары да қолдан келер көмекті көрсетті. Бұл туралы сол кездегі аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев былай дейді:

– Асқар ағамыз жиырма жылдан бері алма өсірумен айналысып, ауылға, ауданға ғана емес, бүкіл облысқа даңқы жайылып үлгерген үлгілі еңбек иесі болатын. Алғаш жиырма бес гектар жерден, ешқандай да қолдаусыз, көмексіз, өз күшімен бастады. Кезінде субсидия да алмастан, кепілдікке үй-жайларын қойып жүріп-ақ талай тірлік тындырды. 210 гектар баудан 2000 тоннаға дейін алма жинаған еді. Ол өнім тоңазытқышта сақталып, кейіннен өте жоғары сұранысқа ие болды. Атақты ақ алма, қызыл алма, алтын алма деген сұрыптардың Майлыкент-Түркібасы-Шақпақ өңірінің бренді екенін дәлелдеп кетті.

Бүгінде айтулы бағбан Асқар Төлешевтің тәжірибесін пайдаланып, тағылым алушылар аз емес. Жоғарыда жоғалуға айналды деген апортымыздың өзі Асқар ағаның бауында жайқала түсуде. Ұрпақтары бұл бауға әкенің ұлы аманатындай қарайды. Өйткені, екі ұлында кезінде дәл осы салаға өзі баулып кеткен. Еңсесін еңбекпен тіктеген әулет ұландары Асқар аға өсірген алмалар мен «Түлкібас бренді» ұғымына аса жауапкершілікпен қарайтынын дәлелдеп келеді.

Аяулым ТАСТАНБЕК.