ТЕАТР ТАБЫСТЫРҒАН ӨНЕРЛІ ЖҰП

Бүгінде елімізде өнер саласында да, өмірде де қол ұстасып қатар келе жатқан, бір отбасында тұратын өнерлі жұптар көптеп кездеседі. Театр табыстырған өнерлі жұптардың бірі — Руслан Нұрманов пен Жәудір Сарыпбекова. Олар қазіргі таңда Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында еңбек етеді.

Руслан Нұрман 1983 жылы ОҚО Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келсе, жары Жәудір Балтабайқызы 1987 жылы ОҚО, Арыс қаласында туған. Қос актер де өнер саласы бойынша жоғарғы білім алған. Руслан 2007 жылдан, ал Жәудір 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында артист қызметін абыроймен атқарып жүр.

Театр табалдырығын аттағалы өнерлі жұп 30-дан астам рөлдерді сомдап, бүгінде көзікарақты көрерменнің сүйікті тұлғаларына айналып үлгерген. Отбасылық өмірде үш перзенттерін аялап өсіріп келеді.

Қажырлы еңбегінің арқасында театрдың жоғарғы дәрежелі актер санатына өткен Руслан Нұрман тек театр саласында ғана емес, сонымен қатар отандық бірнеше киноларда да өзіндік образ қалыптастырған танымал актер. Жұбайы Сарыпбекова Жәудір екеуі көптеген толықметражды, қысқаметражды, телесериалдар, әлеуметтік тәрбиелік бейнетүсірілімдер арқылы көпшілік көрерменнің көңілінен шығып, театрдың мақтанышына айналып үлгерген.

Құрметті театр сүйер көпшілік! Әңгімеге арқау болған отбасылық жұп, талантты театр әртістері Руслан мен Жәудірдің сахналық образдарын тамашалағыңыз келсе киелі қазақ театрының қойылымдарын назарда ұстаңыздар. Нағыз өнерді сахнадан көріңіз!

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі