БОСАНУҒА ДЕЙІНГІ ЖӘНЕ КЕЙІНГІ КҮТІМ

Білікті, тәжірибелі акушер-гинеколог, өз ісінің маманы Гүлнәз СӘБИТҚЫЗЫ бүгінде жеке блогын жүргізіп, мыңдаған арулардың мәселесін жеңілдетіп жүр. Қазақ әйелдерінің саулығына аз да болса үлесімді қоссам деген риясыз ниетін байқап, біз де оқырмандар кәдесіне жарар деген сауалдарымызды жолдадық:
-Гүлнәз Сәбитқызы, күнделікті алдыңызға көптеген қыз-келіншектер келеді. Сол арулардың қаншасы жүктілікті жоспарлауға мән береді? Жалпы жоспарлаудың пайдасы қаншалықты?
— Аллаға шүкір, қазір қыздарымыздың көздері ашық. Олар жүктілікті жоспарлауды, оның Ана мен бала денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенін біледі. «Қандай дәрумен ішейік?», «Қай анализдерді тапсырайық?» деп онлайн және офлайн консультацияда сұрайтындар көп. Жүз әйелдің, пайызға шаққанда, қырық пайызы жүктілікті жоспарлайды. Мұның өзі өте жақсы көрсеткіш. Бұл жерде ең бастысы — қыздарымыздың сауатты маманға кездесуі. Кейде жас қыздардың, келіншектердің гармондарында өзгеріс болса, айлық белгісі дұрыс келмесе, иммунитеті төмен болса, емді бірден гармональды препараттар беруден бастап кетеді. Бұл дұрыс емес. Ұзақ уақыт осы препараттарды қабылдап, зат алмасу процесі төмендеп, қан айналым жүйесі бұзылып, иммунитеті әлсіреп жатқан пациенттерімізді жиі кездестіремін. Әсіресе, жүктілікті жоспарлағанда инфекцияның болмауына, болған жағдайда емделуге мән берген жөн. Осы арқылы баланың шетінеп кетуі, дамымай қалуы немесе түрлі ақаулармен дүниеге келуінің алдын аласыз. Енді, қорытар болсақ, жүктілікті жоспарлау дегенде — инфекция, қабыну аурулары болса емдеу, иммунитетті нығайту, зат алмасу процесін реттеу, қан айналымды дұрыстауды айтар едім.
— Екі адамның өміріне жауапкершілік алған ана ағзасында үлкен өзгерістер болады. Балаға қажетті қорек алынған соң, гемоглабин төмендейді, т.с.с. Осындай асқынулардың алдын алу үшін қандай әрекеттер жасаған дұрыс?
— Жатырға бала орналасқаннан бастап, жүрек, бүйрек, нерв жүйесі, қан айналым жүйесі, жалпы Ананың бүкіл ағзасы осы баланың өсуіне қолайлы жағдай туғызуға бейімделе бастайды. Сол бала өсіп, дұрыс дамып, уақытына жетіп туылу үшін барлық ағзамыз «қолдап-қолпаштап» қызмет етеді. Бала өскен сайын жатыр үлкейіп, диафрагманы жоғарыға, бүйректі бүйірге қарай ығыстырады. Көрші ағзалардың қызметтеріне айтарлықтай қысым түседі. Бүйректің фильтрация (сүзгілеу) қызметі бар. Ағзадағы керексіз токсиндер бүйрек арқылы сүзгіленіп, ары қарай несеп-зәр шығару жүйесі арқылы шығып кетуі керек. Осы кезде бүйректің жұмысында жүктіліктің алдында бір асқынулар болса ісіну, қан қысымының жоғарылауы сияқты қиындықтарға кездеседі. Балаға қоректің жетуі үшін гемоглабин мен темірдің қызметі ерекше. Сондықтан, Аналарға айтарымыз, бірінші кезекте қандағы темірдің мөлшеріне мән беріңіз. Бұл – балаға қоректің дұрыс жетуі үшін өте маңызды. Және тамақтануға ерекше көңіл бөліп, ет өнімдерін көбірек тұтынған жөн. «Горилла», «Кола», «Фанта», спирттік сусындар, полуфабрикаттар, түрлі бургерлер ағзаға темірдің сіңірілуіне кедергі болады, бұлардан бас тартыңыз дер едім. Егер де иммунитетіңіз төмен деп дәрігерлер бір витаминдер, қосымша препараттар берсе, міндетті түрде алып ішіңіз. Көбіне әйелдерден «ой, осының қажеті шамалы, тағаммен-ақ қалпына келтіремін» дегенді естіп жатамын. Ол дұрыс емес. Ағзаңыздағы өзгерістерге мән беріп, дәрігерге құлақ асқаннан ұтылмайсыз.
— Қазақ әйелдері босануға аз уақыт қалғанда, бірінші кезекте, үйін қағып-сілкіп, жаппай тазалық жұмыстарына кіріседі. Бұл бізге сіңісті болған менталитет пе? Жоқ, перзентханадан кейін келетін толассыз қонақтардан ұят болмасын дейміз бе? Негізі босану күні жақындаған әйелге не жасау керек? Нені жасауға болмайды?
— Мұны менталитет деуге де болады. Себебі, біз жаңа босанған әйелге демалыс керек екенін, әлсіреп қалғанын, өз-өзіне келуі қажет екенін біліп тұрсақ та, сол сәтте қуанышына ортақтасқымыз келіп тұрады. Әйел – үйдің ауа райын жасаушы адам болған соң, сол келім-кетімнен ыңғайсыз болмасын, бәрі жинаулы, ретті болып тұрсын деп жасайды. Өзім де үш баланың анасымын. Бір жерге қыдырып кетсең де, келген кезде үйіңнің тап-таза болып тұрғанын қалайсың. Тура осындай оймен «мен роддомнан келгенше үйім көшіп кетпесін, таза болып тұрсын» деп, послеродовой стресстерге түсіп кетпеуі үшін де жинап-теріп кететін келіншектер бар. Бірақ, осындай іс-әрекет жасап жүргенде қан қысымының жоғарылап, төмендеп кетпеуіне, белоктың көбейіп кетпеуіне мән беріп, қатты шаршамаған дұрыс. Қазір роддомға бәрін үйден дайындап барады. Сондықтан, барлық заттарын буып-түйіп, киімдерін үтіктеп, бөлек пакеттерге салып дайындалады.
— Ал, енді босанғаннан кейінгі күтімге келсек. Көп әйелдер босанғаннан кейін белдің сыздап ауыруы, жатырдың төмен түсуі, омыртқаның қисаюы сияқты мәселелерге кездесіп жатады. Осының алдын алу үшін қалай және қанша уақыт күтінген дұрыс?
— Жаңадан босанған келіншектерге айтарым, перзентханадан шығуға асықпаңыздар. Ол жердегі климат, температураның барлығы Ана мен балаға қолайлы. Алғашқы сәттен-ақ Ана мен бала бір-біріне үйреніседі. Содан кейін дәрігерге көрініп, босанудан кейінгі жатырдың қалпына келу жағдайын біліңіз, баланы емізу туралы кеңестер алыңыз, сосын ғана перзентханадан шығуға болады. Және үйге шыққан соң бірден «терлеп кеттім», «өзімді ыңғайсыз сезінудемін» деп бірден ванна қабылдап, суықтап қалудан сақтаныңыз. Бірінші кезекте – жатыр, екінші – омырауыңызды суықтатып алсаңыз, арты маститке, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Кішкене үйдің температурасына үйренісу қажет. Егер сізде ауыр жүктілік, ауыр босану болмаса, бенкунг әдісімен ішіңізді байлаған дұрыс. Буын-буынның бәрі босап тұратындықтан, міндетті түрде байлау керек. Ыстық сорпа, жылы су, сұйық тамақтар көбірек ішіп, сүттің құнарын көтеру үшін арнайы дәрумендер қолдану артықтық етпейді. Тазалық сақтап, ауыр зат көтермеңіздер. Ауыр зат көтерудің зардабы да ауыр болады. Жатырдың төмен түсуі немесе қисаюы болса, қайта қалпына келуі едәуір қиындық тудырады.
— Және соңғы сұрақ — әйел ағзасы қанша уақытта толық қалпына келіп, келесі бала көтеруге дайын болады?
— Бір жүктілік пен екінші жүктіліктің арасына ең аз дегенде 1,5-2 жыл салған дұрыс. Себебі, жоғарыда айтқандай, бүкіл ағзамыз шарананың дамуына, өсіп-жетілуіне, дүниеге келуіне атсалысады. Осы күрделі процестен соң қайта қалпына келіп, қажетті қоректік заттармен толығуы керек. Және баланы Ана сүтімен 1,5-2 жыл емізген шариғатта да, медицинада да дұрыс деп саналады.
— Қыз-келіншектерге өте пайдалы сыр-сұхбат болды деген сенімдемін. Пайдалы кеңестеріңізге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан – Нұрила ШЫНӘДІЛ

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.