ШЫМКЕНТТІК БОКСШЫ XXXII ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖОЛДАМА ИЕГЕРІ

Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі, шымкенттік боксшы Сафиуллин Закир спорттық биік деңгейде шыңдалу үшін 1997 жылдан бастап үздіксіз шынығуда.

Спорттың осы түріне деген аса қызығушылығы нәтижесінде ол 2015 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түсті. Аталмыш оқу орынын 2019 жылы үздік тәмамдады.

Закир Сафиуллин Қазақстан Республикасы Чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2018 жылы Швецияда өткен Халықаралық турнирдің жүлдегері. 2019 жылы Банконгта Ересектер арасында өткен Азия чемпионатының ІІІ орын иегері. 2019 жылы Екатеринбург қаласында өткен Әлем Чемпионатының қатысушысы болды. 2021 жылы Бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында 63 килограмм салмақ дәрежесінде III орынды иеленді.

Закир 2021 жылы Токио қаласында өтетін XXXII жазғы Олимпиада Ойындарына Шымкент қаласы бойынша жолдама алған төрт спортшының бірі. Және ол аталмыш Олимпиадада жүлдегер атанып, бірегейлігін дәлелдемек үшін талмай талаптануда.

Өзінің 35 жасында спорттық қанжығасын әбден толықтырған жемісті спортшының еңбегі — былғары қолғап шеберінің үлкен құлшынысы мен табандылығы арқасында орын алып жатқан кәсібилік көрінісі.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі