ОРАЗА ТҰТ, ОЛ — АЛЛАНЫҢ ҮКІМІ

ОРАЗА

Ораза – парсы тілінен енген сөз. Екінші шапақтан бастап, күннің батуына дейін Аллаһ Тағаланың разылығы үшін ішіп-жеуден ұзақ тұру. Ораза Мәдина кезеңінде, һижраның екінші жылының шағбан айында «бәдір» соғысынан кейін парыз етілген. Ислам дінінің алғашқы жылдарында әр айда үш күн ораза тұтылатын. Муаз ибн Жәбәл, Ибн Масғұд пен Ибн Аббас (р.а.) секілді алдыңғы қатарлы сахабалардың риуаят етуі бойынша, Нұх пайғамбардан (а.с.) бастап пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллалаһу алейһи уә сәләм) дейінгі пайғамбарлар мен олардың үмбеттері әр айда үш күн ораза ұстаған делінген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашура күні де ораза ұстайтын. Алайда Аллаһ Тағала бұл үкімнің күшін жойып, Рамазан айында толық ораза ұстауды әмір еткен.

ОРАЗАНЫҢ ҮКІМІ

Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Құран кәрімде бұл жайлы «Әй, иман келтіргендер! Тақуалыққа жетулерің үшін сендерден бұрынғы үмбетерге парыз етілгені сияқты ораза сендерге де парыз ретінде бекітілді» (Бақара сүресі,  183 аят), «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 185 аят).

Әбу Хурайраның айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Аллаһ Тағала былай деп әмір етті: «Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза бұдан бөлек. Оның қарымын өзім ғана беремін. Өйткені, ол ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан Мен үшін тыйылды. Ораза ұстаушының екі қуанышты сәті бар: біреуі – ауыз ашар, екіншісі – Аллаһ тағалаға қауышқан сәті. Аллаһ үшін ораза ұстаушының аузының иісі мисктің жұпар иісінен де жағымды» — деген. Ораза рия ең аз араласатын құлшылық болғандықтан, оның сауабы да ерекше. Міне, оразаны осындай шынайы ниетпен ұстау керек.

Оразаның теңдессіз құлшылық екендігі жайлы Әбу Үмәма (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.)  жақсы бір амал сұрадым. Ол маған «Ораза ұста, өйткені оған тең келер құлшылық жоқ», — деді. Мен екі-үш рет қайталап сұрасам да, «Ораза ұста, оған тең келер құлшылық жоқ», — деген жауабынан танбады».

Ал, оразаның сауабына байланысты басқа хадистерде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кімді ораза ішіп-жеуден тыйса, Аллаһ Тағала оған Жұмақ жемістерінен жегізіп, Жұмақ бұлақтарынан ішкізеді», «Жұмақта «Раййан» деп аталатын есік бар, ол есіктен тек ораза ұстағандар ғана кіре алады» деку арқылы ораза ұстаушылардың Жәннатта арнайы құрметке бөленетінін сүйіншілеп жеткізген.

Сүйікті Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде ораза ұстаған адамға ақиретте оразасының кешірім тілеп шапағат ететіні жайлы: «Ораза – ауыз бекіткен жанға Қиямет күні шапағат етеді. Сол күні ораза Хақ Тағалаға: «Уа, Раббым! Мен оны күндізгі барша ішіп-жеуден тыйдым. Сол себепті оған деген шапағатымды қабыл ала гөр!» — деп тілеу тілейді», — деп айтылған.

Оразаның пайдалары:

Аллаһ Тағала адам баласын жаратып, сансыз нығметтерге бөлеген. Ішіп-жеуі, жасаған іс-амалдары, құлшылықтары оның жаны мен тәніне өзіндік ықпалын тигізеді. Аузына салған бір түйір ас сырттай қарағанда асқазанына барып қорытылып, сыртқа шығып кететіндей болып көрінгенімен, оның адам рухына да өзіндік әсері бар. Ал, акғзаларының қозғалысы тәнге пайда берумен қатар, рухқа да белгілі дәрежеде ықпал етеді. Кісінің бойындағы сезімдерін дамытып, кемелдендіруі тұрғысынан оразаның ерекше рөлі бар. Оразаны жиі ұстаған кезде рухани қабілеттер жетіліп, жүрек көзі ашыла түседі. Ал, тек қана асқазанның қамын ойлап, алдына не келсе соны ойланбай жеп, нығметтердің қадірін ұғынбаған жанның рухани қабілеттері өшіп, хайуани қасиеттері басым бола бастайды. Өз кезегінде ораза нығметтердің қадірін ұқтырып, шүкіршілікке үйретеді.

ОРАЗА ТӘНДІ ТЫНЫҚТЫРАДЫ

Жарық дүниеге көзді ашар-ашпаста қызу қызметке кірісіп кететін ас қорыту жүйесінің тынығуға қажеттілігі бар екенін қазірі таңда медицина да мойындап отыр. Кез келген техника белгілі бір уақыттан кейін қайта жөндеуден өткізіледі. Бұған мән бермей тоқтамай жұмыс жасата берген жағдайда ол техника бұзылады немесе толықтай істен шығып қалады. Адам баласын да демалдырмай жиырма төрт сағат бойы жұмыс істете берсе, мұрттай ұшары белгілі. Ораза арқылы адам ағзалары тынығады, денесіндегі зиянды майлар кетеді.

ОРАЗА ИММУНИТЕТТІ КҮШЕЙТЕДІ

Ғылым докторы Рови: «Ораза сырқаттануға қарсы иммунитетті күшейтеді. Осындай маңызды медициналық жаңалықты Ислам оразаны парыз ету арқылы дәлелдеді, ал бүгінгі медицина оразаны ауруларға қарсы дәрі әрі қорғаушы ретінде қолдануда», — дейді. Бұл сөзде шындық бар. Мәселен, ғылым докторы Генрий Лахман Саксонияның Дрэзден қаласындағы ауруханасында, сонымен қатар, Бершербенр мен молиер өздерінің емхъаналарында ауруларды ораза арқылы емдейтін көрінеді.

Оразаның дүние мен ақиретіміз үшін пайдалы екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ораза ұстаңдар – сау боласыңдар!» деп бізге әу баста жеткізген болатын.

ОРАЗА НЫҒМЕТТЕРДІҢ ҚАДІРІН ҰҚТЫРАДЫ

Аллаһ Тағала жер бетін дастархан етіп жайып, сансыз нығметтеріне бөлеуде. Жер мен көк тегіс адам баласының қызметтеріне берілген. Алайда, ол көбіне қадірін білмей, ғапылдыққа салынады. Міне, бір уақыт аш қалу арқылы ол осы сансыз нығметтердің қадірін ауыз ашар сәтінде тұла бойымен сезініп: «Әлхамду лиллаһ» дейді.

ОРАЗА КҮНӘЛАРДАН САҚТАЙДЫ

Күнә адам баласының таза табиғатын кірлетіп, жүрегіне дақ түсіреді. Шайтанның құрығына бір рет ілініп қалған жан белді бекем бып, тәубеге келмесе, күнәға бойы үйреніп кетеді. Одан құтылу үшін берік ынта-жігер қажет.

Ораза бейне бір күнәдан қалқан сияқты иесін қорғап, оның жәннатқа кіруіне көмектеседі. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үйленуге шамасы келгендер үйленсін! Өйткені ол көзді (харамнан) қорғаушы, ұятты жерлерді күнәдан сақтаушы. Кімнің үйленуге шамасы жетпесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза – ол үшін қалқан» деп насихат еткен. Ораза арқылы адам бойында күнәға қарсы тұру қабілеті дамиды. Кісі аузы берік кезде әр түрлі жағымсыз құмарлықтарын тізгіндей алғаны секілді, күнәға қарсы бойында қалыптасқан дағды бойынша ораза емес кезде де сабырлық таныта алады. Өйткені, оразаның мәні тек қана аш қалу емес, көз, құлақ, жүрек, тіпті, ой-қиялдардың өзіне ораза ұстатып, жамандықтардан тыю. Осындай дәрежеде ораза ұстаған жан әрдайым тура жолда болмақ.

Қарны тоқ, киімі көк адам тоқмейілсіп, аузына келгенін айта беруі мүмкін. Ал, оның нәтижесі жақсы болмасы белгілі. Осы зияндардың алдын алуда ораза таптырмас шара. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Араларыңда ораза ұстағандарың басқаларға жаман сөз айтпасын, бақырып-шақырмасын. Егер басқа біреу оған тіл тигізіп, ерегіссе, «Мен оразамын» десін».

ОРАЗА КЕДЕЙЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫН ҰҚТЫРАДЫ

Не ішем, не жеймін деп ойламайтын жандар бір ай бойы ораза тұту арқылы аштықтың не екенін көздерімен көріп, сезінеді. Тұрмысы нашар жандарға көмектесудің қажет екенін сезінеді. Сондықтан, рамазан айы ерекше берекеге толы, жомарттық айы ретінде айқын көрінеді.

ИСЛАМ ҒЫЛЫМХАЛЫ (Әбу Ханифа мәзһабы бойынша) еңбегінен