ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОСМЕТИКАЛЫҚ ЖИНАҚ – DM

«Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда?

Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?!» деп ақындар жырға қосқандай, әлем жаралғалы нәзік жандылардың сұлулық сырына үңілуі – жазылмаған заңдылық. Әсіресе, қазіргідей іздегенің лезде табылар заманда бұл сұраныстың та сапасы артты. Сұлу болып, айналасына сәуле шашып жүруді қалайтын әрбір арудың жанынан тастамайтын заттары — косметикалық жинақтары. Бірінде Австралия, бірінде Франция, Швеция, енді бірі Корейдің косметикасын жанына жақын тұтты. Ал, біз оқырмандарымызға отандық DM брендымен жарыққа шыққан табиғи емдік косметиканы таныстырмақпыз. DM-нің негізін қалаушы, толық комплексті жинақты жарыққа шығарған кәсіби косметолог Дәмелі Сейпановамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • Қазіргі қыз-келіншектер бет күтіміне, денсаулығына ерекше көңіл бөледі. Сәйкесінше, косметолог мамандығына сұраныс күн санап артуда. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
  • Дұрыс айтасыз, қазір қыз-келіншектер бет күтіміне, денсаулыққа қатты көңіл бөледі. Тек бет күтімі деп жеке алып қарау мүмкін емес. Себебі, беттегі әр өзгеріс біздің ішкі ағзамызбен астарласып жатады. Бір-бірімен тығыз байланысты. Күнделікті жейтін тамағымыз, ішетін сусынымыздың барлығына көңіл бөлген дұрыс. Мен косметологияға 3 жыл бұрын келдім. Негізгі мамандығым – юрист. Бірақ, жүрек түкпірінде медицинаға жақын екенімді сезетінмін. «Алма ағашынан алысқа ұзамайды» дегендей бұл, мүмкін, дәрігерлер әулетінен шыққанның ды ықпалы болар. 27 жасымда «жүрегіме жақын іспен айналысамын» деп шештім. Косметологқа жарты жыл сайын барып жүретінмін. Сол істі қатты ұнаттым. Міне, осылай косметологияға келдім.
  • Ресейде, Израиль елінде біліктілік арттырыпсыз. Бұл тәжірибелерден кейін жұмысыңызда қандай оң өзгерістер, жаңалықтар болды?
  • Мен қазір өзіме қажетті білімді, тәжірибені көбіне шетелден аламын. Дәрігерлердің көптеген курстарына жазылып, ылғи медицина саласында ізденіп отырамын. Өйткені, біздің теріміздің жағдайы — ағзамыздағы саулықтың көрінісі. Тәжірибе алмасып, білімің артқан сайын сұраныс та сәйкесінше жоғарылайды. Бір орында тұрып қалмай, ылғи ізденіп, жаңарып, кәсіби тұрғыда қызмет көрсете бастасаң, оны өзгелер де бағалайды. Кез-келген жетістіктің артында білім мен еңбек тұрады.
  • Бізді, әсіресе, DM брендымен шығып жатқан табиғи косметикалық жиынтығыңыз қызықтырды. Сол жайлы кеңірек тоқталсаңыз. Басқа құралдардан айырмашылығы неде? Құрамы қандай заттардан?
  • Өзімнің терім өте сезімтал, массмаркеттен кез-келген өнімді алып пайдалана алмаймын. Бірден реакция береді. Көбіне балалар косметикасын пайдаланып жүрдім. Кейінірек шетелдің косметикасын пайдалана бастадым. Бірақ, бағасы менің көңіліме қонбады. Ол, әрине, алыс жол жүріп келген соң, бізге дейін жүз қолдан өтіп, нәтижесінде, шарықтаған бағамен келеді. Сондықтан, өзім косметика шығарғым келді. Табиғи таза шөптерден, табиғи майлардан жасап, артық химиялық токсинді қоспаларсыз жасаймын деп шештім. Нәтижесінде, тоник, крем, сабын, құрғақ шампунь шығара бастадық. Өзге косметикадан айырмашылығы – құрамында. Мысалы, біздің косметикалар алты айға дейін жарамды, ал басқасында 2-3 жылға дейін жарай береді. Мен табиғи консерванттар қолданып, зиянды синтетикалық қоспалар пайдаланбаймын. Сәйкесінше, жарамдылығы да шектеулі. Аллаға шүкір, пайдаланушылардан тек жағымды пікірлер естіп келемін.
  • Және соңғы сұрақ, әрі, аруларға кеңес десек те болар — «20 жасыңда бетіңе бөлген 15 минут уақытыңа 20 жылдан соң рақмет айтасың» деген сөзбен келісесіз бе? Бет күтімін қанша жастан бастаған дұрыс? Күнделікті қалай күтім жасаймыз?
  • Әрине, біздің ағзамыз да, теріміз де біздің күтімімізге мұқтаж. Күнделікті аз ғана көңіл бөлгеннің өзі біздің бет-жүзімізден көрінеді. Мұнда тек беттің, терінің сұлулығына қарай беру аз. Сонымен бірге ішіп, жегеніміз де маңызды. Ішімізді пайдасыз тағамдармен толтырудан сақ болып, барынша дұрыс тамақтануға көшкен дұрыс. Сонда ғана біздің жанымыз да, тәніміз де сау болады. Ал, күнделікті бет күтіміне келер болсақ, 10 минут уақытыңызды қиып, массаж жасаңыз дер едім.
  • Сұрақтарымызға берген нақты әрі дәл жауаптарыңызға рақмет. DM косметикалық жинағыңыз қанатын кеңге жайып, елімізге ғана емес, шетелге де танымал өнім болсын!

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.