«ҚАЗАҚ РАДИОСЫ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҮНІ, ӘР ҚАЗАҚТЫҢ СЫРЛАСЫ»

Биыл Қазақ радиосының құрылып, алғашқы хабарларын кезінде ел астанасы Орынбордан тарата бастағанына жүз жыл толып отыр. Дәлірек айтсақ 1921 жылдың 21 қыркүйегінде Қазақ КСР Халық Комисарлары Кеңесі республикалық радиохабарларын тарату туралы шешім қабылдады. Сол жылдың қазан айынан елімізге трансляция арқылы радиохабарлар беріле бастады. Қазақ жерінде радиохабарлардың тарай бастауы өткен жүзжылдықтың үлкен жаңалығы еді. Осы жылдары бұл радиода сан мыңдаған түрлі мамандық иелері тындырымды еңбек етті. Ел арасында «сымсыз телефон» атанған радионың маңызы мен халыққа ықпалы өте зор болды.

Біз осы атаулы оқиғаға орай ардагер телерадиожурналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі қызметін он жыл абыройлы атқарған Уәлихан Қожақты әңгімеге тарттық.

– Уәлихан Әмірұлы, республикалық Қазақ радиосында сіз қызмет еткен жылдары радионың тыныс-тіршілігі несімен ерекшеленді? Есіңізде қалған ерекше оқиғаларға тоқталсаңыз…   

– Радионың басты мақсаты елімізде жүргізіліп отырған саясатты кеңінен насихаттау болып табылады. Сонымен бірге халқымыздың ұлттық сана сезімін, дүниетану болмысын, мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуде радионың алар орны ерекше.

Журналист қиындығы мен қызығы мол мамандық. Радиожурналист жұмысы ұжымдық еңбек нәтижесі. Біз үнемі жаңа мен жаңалықтың жаршысы болуға тырыстық. Белгілі мақсатпен еңбек еттік. Оқиға кез келген сәтте туындайды. Біз ол оқиғаны жедел зерттеп, зерделеуге ұмтылдық. Әділеттілік жолында да өз күшіміз бен уақытымызды аямадық.

Көзі қарақты оқырман, көрермен және радиотыңдаушыға белгілі радионың ең басты ерекшелігі жаңалықтарды өз тыңдаушыларына жедел жеткізуінде. Мысалы, газеттегі әріптестеріміз бүгінгі ақпаратты басылым жарыққа шығар күні жариялайды. Ал радиода оқиғаны болған сәтте тыңдарманға жеткізу мүмкіндігі бар. Мен 2003-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік» радиосындағы аға редакторлық қызметпен бірге республикалық Қазақ радиосының облыстағы тілшісі қызметін де абыроймен атқардым. Күн сайын, жұмыс орнымнан немесе үйден телефон арқылы жеті, сегіз кей күндері оннан артық жаңалықтарды Қазақ радиосына хабарлап, беріп жүрдім. Ұзақтығы бір немесе бір жарым минуттық ақпаратты қателеспей, дауыс екпіні мен ырғағын сақтап радиотыңдаушыларға айтып шығу, яғни, хабарлау шеберлік пен тәжірибені қажет етеді. Жаңалық хабарланып жатқан сәтте ол жерде тыныштық сақталғаны жөн. Сондықтан мен мұндай жағдайларда сан алуан мамандық иелерінен сұқбат алып жатқан бөлмеге немесе редакция алдына: «Тыныштық сақтаңыз! Бұл бөлмеде Қазақ радиосына сұқбат жазылып, ақпараттар жолдануда» деген ескертуді іліп қоятынмын.

Өңірімізге Елбасы мен Үкімет мүшелерінің, түрлі салаларға байланысты шетел қонақтарының іс-сапарлары туралы ақпараттарды жедел түрде эфирге жолдадым. Өмір болған соң күтпеген оқиғалар мен өзекті мәселелер туындап жатады. Осы жағдайлар жайлы толық ақпараттарды кешіктірмей Алматыға, радиоға хабар жіберіп жүрдім. Мемлекеттік, ұлттық мерекелерге байланысты облыс басшыларының, мамандардың пікірлері мен құттықтау лебіздерін де дер кезінде ұйымдастырдым. Қазақ радиосының жаңалықтар қызметінен өзге де көптеген редакциялар үйлестіруші редакторымыз арқылы маған өтініш, тапсырмалар беретін. Оларды да уақтылы орындадым. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы әр жылдардағы үйлестіруші редакторлар Гүлден Қабиоллақызы, Әйгерім Нұрқалиева, Жансая Әбдібековалар мен дикторлардың және хабар редакторларының ілкімді іскерлігі, тәжірибелері арқылы жүзеге асырылды.

– Радионың басқа журналистика түрлерінен артықшылығы һәм айырмашылығы туралы не айтасыз?

– Радио және газет журналистерінің түпкі мақсаты бір болғанымен радиобағдарлама мен газет материалдарын дайындаудың үлкен айырмашылығы бар. Радиода дауыс, музыка және дыбыс негізгі рөл атқарады. Мысалы, оқиғалы репортаж дайындауды айта кетейін. Журналистің диктофон арқылы жазып әкелген ақпараты студияда монтаждалады. Әрине, кейбір жағдайда сөйлеген адамдарды радиотыңдаушыларға оқиға орнында таныстыру мүмкіндігі бола бермейді. Журналист студияға келген соң хабарды ашып, сөйлеген адамдарды, яғни, монтаждалған дауыстар кім екенін таныстырып, оқиғаға байланысты өз пайым, түсініктерін айтып, хабарды қорытындылайды. Қажет жерінде дерек, дәйектерді қосады, музыкамен көркемдейді. Ең бастысы, жиында сөйлеген адамдардың сөздері анық, тыңдаушыларға ұғынықты болғаны жөн. Қозғалған мәселе қорытындысы екіұшты болмай ол радиотыңдаушыға түсінікті болуы тиіс. Хабарды студияда тікелей жүргізген де тиімді. Уақытты да қосымша хабарлау хабардың шынайылығын арттырады. Радиожурналистке қойылар талап та жоғары. Сөздер мен сөйлемдерді жұтып қоймай анық айтуда өте маңызды. Диктофон, микрофон мен ауыз арасы бірқалыпты деңгейде болғаны дұрыс. Мысалы, оқушыларға сабақ түсіндіріп отырған мұғалім орнынан тұрып, тақта алдына барып сөйлей бастаса, яғни, алдында тұрған диктофоннан алыстаса дауыс сапасы, оның естілуі нашарлайды. Микшерлік аппарат арқылы жазылған дыбыстар деңгейі бір қалыпқа келтіріледі. Дауыс пен музыканың қабысуы да осы аппарат арқылы іске асырылады.

– Қарашаңырақта өзіңізбен үзеңгілес қызмет еткен, бұл өмірде бірі бар, бірі дүниеден озған әріптестеріңіз туралы да тілге тиек етсеңіз… Бүгінгі ұрпақтың олар туралы да біле жүргені абзал.

– Өткенсіз бүгін болмайды. Бүгінсіз болашақ жоқ. Бәріміз бүгінге кешеден келдік. Өткенді ұмыту өшкендіктің, өткенді еске алу өскендіктің белгісі.

Радиожурналистика – ұжымдық шығармашылық жұмыс. Ендеше, республикалық Қазақ радиосына кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіби, өмірлік тәжірибесі мол журналистер еңбек етті. Барлығы өз заманында жақсы істердің жаршысы бола білді. Кемшіліктерге төзбеді. Олар облыстың саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени және тағы басқа салалардың тыныс-тіршілігі туралы хабарлар мен жаңалықтарды дайындап, радиотыңдарман назарына ұсынды.

Архив деректеріне сүйенсек еңбек және Ұлы Отан соғысы ардагері Михаил (Медхат) Каюмов Қазақ мемлекеттік университетін 1957 тәмамдап, сол жылы Қазақ радиосының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болды.Мұнан соң кешегі майдангер журналист бұл қызметті Оңтүстік Қазақстан облысында 1990 жылға дейін атқарды. Медхат Каюмов радиожурналистиканың барлық жанрын шебер игерген журналист болатын. Қарт журналист 2010 жылы дүниеден озды. Ал журналист Вера Зубцова өз мамандығы бойынша алғашқыда Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомитетінде еңбек етті. Ал 1990-1993 жылдары Вера Зубцова еліміздің басты электронды ақпарат құралын өңір жаңалықтарымен қамтамасыз етті. Оның қаламынан туған репортаждар мен суреттемелер сапалылығымен ерекшеленді. Қос журналист ақпараттарды орыс тілінде дайындап, жариялады. Ал ҚР мәдениет қайраткері, талантты телерадиожурналист Қалыбек Атжан 1980-1984 жылдары Қазақ радиосының редакторы, аға редакторы, 1984-1998 жылдары Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі болып қажырлы еңбек етті. Іскер азамат телерадиожурналистика жұмысына тың серпін берді. Жан жадыратар жаңалықтар енгізді. Журналист Райхан Шаймерденова да 1993-1995 жылдары бұл міндетті абыройлы атқарды. С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, белгілі спорт журналисі Ілияс Жолдас 1995-2002 жылдары Қазақ радиосының тілшісі қызметін жауапкершілікпен атқарды. Сатирик қаламгер, журналист Базарбек Түктібай Қазақ радиосының облыстағы тілшісі міндетін 2002-2003 жылдары атқарды. Ал мен 2003-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік» радиосының аға редакторлығымен бірге бұл қызметті де он жыл бойы атқардым. Сондай ақ «Қазақстан» Ұлттық арнасының облыстағы тілшісі Ғани Қалмаханов та ел радиосына оңтүстік өңірінен ақпараттар беріп тұрды. Арадағы аз-кем үзілістен соң бұл күндері «Қазақ радиолары» ЖШС-гі ақпарат құралының Түркістан облысындағы тілшісі болып тәжірибелі журналист Ерсұлтан Әмірбек еңбек етуде.

Ерекше атап өтерім, танымал журналистер Әмірсейіт Әлиев пен Байдулла Қонысбеков облыстық телерадиокомитетке төрағалық еткен жылдары радионың бас редакторлары Қарауылбек Қазиев, Жайлау Сәбденбековтер мен журналистер Молдабек Тезекбаев, Тұрсынәлі Биетов, Ілияс Байларов,Сатыбалды Қосалиев, Борис Контарук, Нұрмахан Шаметов, Лариса Домашенко, Дильбар Әбдіқадырова, Юрий Шпилькин, Орал Мекенбаева, Сенбек Ералы, Шаһаризада Дәнеева, Татьяна Болдиналардың да түрлі жанр мен тақырыптардағы материалдары еліміздің басты радиосынан тұрақты түрде берілді.

Радиода диктор еңбегі аса маңызды. Диктордың дауысы құлаққа жағымды болуымен бірге оның бойында шешендік, шеберлік, байқағыштық, икемділік те астасып жатуы тиіс. Диктордың алар орынын, ол жұмыстың қиындығын микрофон алдында отырған адам ғана біледі. Ол отырған жерде артық сөз түгілі дыбыс шығару да үлкен сын. Негізі журналистердің жазған еңбегін радиотыңдаушыға әрін, нәрін сақтап, туындының табиғатын бұзбай оқып, яғни, өлі мәтінге жан бітіретін диктор. Сонау сексенінші жылдары облыстық радионың дикторлары Балжан Базарбаева мен Анна Маврешколар оқыған хабарлар мен жаңалықтар тыңдарман жүрегінен жол тауып жататын. Радиоға деген құмарлықтан болар олардың дауыстарын жас кезімізде сүйсіне тыңдайтынбыз.

Ал эфирден берілген материалдарды Бердібек Білісбеков, Ләззат Сайлауова, Владимир Никифоров, Сегізбай Өскенбаев сынды оператор монтаждаушылар дер кезінде артық сөз, дыбыстардан тазалап, мазмұнына сай музыка, әуендермен әрлейтін.

– Облыстық радионың тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз…

– Ардагер телерадиожурналист Лариса Домашенконың облыстық архив материалдарына сүйеніп берген деректері бойынша 1927 жылы 27 наурызда Сырдария губерниялық атқару Комитетіне қарайтын Шымкент қаласындағы «Госторговля» деп аталатын клубқа алғаш рет дауыс күшейткіш радиоқондырғы орнатылған. Оның көше жағына «Қалқан құбыр» қойылды. Алдын ала дайындалған радио бюллетень оқылды. Радионы тыңдағысы келген адамдардың көптігінен олар көшеге сыймай кетіпті. Жиналғандар ішкі сезімін жасыра алмай: «Мынау шынымен «Ұзын құлақтың өзі ғой!» деп таңданған екен.

Отызыншы жылдары облыстық радио қарқынды дамыды. Өз хабарларын желі арқылы тарата бастаған радиожеліні Шымкентпен Қызылорда, Тараз, Түркістан, Мақтаарал және Алматы қаласына жалғастыруға техникалық мүмкіндік туды. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары бұл салада ілгерілеу болмаса да радио өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Майданнан соң Шымкентте ірі радиотолқынын таратқыш орталық іске қосылды. Ал алпысыншы жылдары қазіргі Н. Төреқұлов көшесіндегі қос қабатты радиокешен пайдалануға берілді. 2015 жылдың 11 тамызында Шымкенттегі Н. Төрекұлов көшесінен Қазыбек би көшесіндегі облыстық телеарнаның ғимаратына қоныс аударды.

«Қазақстан» РТРК АҚ ОҚО филиалының «Оңтүстік» радиосында арнайы түзілген жұмыс жоспары бойынша эфир хабарлары дайындалуда. Дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін «Қазақ радиолары» ЖШС-нің 106 4 FM жиілігі арқылы жыл бойы шығармалық ұжым мүшелері әзірлеген жиырмадан астам хабарларын таратады. Олардың бірқатарын атасақ, «Жаңалықтар», «Жолдауға қолдау», «Тәуелсіздік тұғыры», «Дидар», «Денсаулық», «Кәсіпкерлік құпиясы», «Имандылық иірімдері», «Оntustik» онлайн радио, «Мемлекет. Қоғам. Дін», «Әдебиет ардың ісі», «Заң және заман», «Мінбер», «Атамұра», «Өнер өлкесі», «Сазқоңыр», «Қонақжай шаңырақта», «Пайдалы кеңестер» және тағы басқа хабарлар радиотыңдаушылар назарына ұсынылуда. Журналистер Г. Ергешбаева, Н.Сұлтанова, Ф.Құрманбек, Н.Күзербаев, С.Жарылқасынов және тағы басқалары өздеріңе жүктелген хабарларды мазмұнды жүргізуде. Хабарларды әрлеп әрі музыкамен көркемдеу де оператор монтаждаушы Динара Зияеваның да сіңіріп жүрген еңбегі мол. Бұл күндері «Оңтүстік» радиосының жұмысына Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, тәжірибелі журналист, Гүлсара Тұрарбекқызы жетекшілік етуде.

– Сіз радио мен телернаға түрлі тақырыптарда бағдарламалар дайындадыңыз. Тыңдарман мен көрерменнің құлақ құрышын қандырып, рухани нәрімен сусындатқан туындыларыңызға тоқталып өтсеңіз…

– Телеарнада «Перне», «Терме тағылымы» және «Ғибратнама» телебағдарламалары арқылы әуезді әндер мен тағылымды термелерді кеңінен насихаттадым. 2001-2006 жылдары Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, қаламгер Шалқар Әбішұлының демеушілігімен ұйымдастырылып, өткізілген республикалық «Шалқар термесі» байқаулары арқылы еліміздегі талай талантты жастар өнер сүйер қауымға таныстырылды. Дәстүрлі терме өнеріне кең тыныс ашылды. Циклды түрде эфирден берілген бұл хабарлар радиотыңдаушылар мен телекөрермен көңілінен шықты. Бұл хабарға Түркістан облысынан өзге Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз қалаларының өнер иелері белсенділікпен қатысып, хабардың мәні мен маңызын арттыра түсті. Елімізге танымал өнер иелері К.Сейілбекұлы, Н.Ойнарова, Л.Аманов, Г.Сұлтанқызы, О.Садықова, О.Көлбаев, С.Жанпейісова, Б.Оразымбет, А.Сейтенова, С.Мірәлиев, Ж.Спатаев, Б.Бекахметов, З.Көпбосынұлы, К.Серікбаева, Т.Төлебаев, Ж.Шүкірбаева және тағы басқалар ән мен жыр, термелерді терең насихаттап, көптің шынайы алғысына бөленді. Мұнан өзге елімізге танымал талай тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы да телехабарлар дайындадым. Еңбек және соғыс ардагері, Кеңестер Одағының Батыры С.Рахимов, еңбек және соғыс ардагері, шертпе күйдің шебері Т.Момбеков, еңбек және соғыс ардагерлері Д.Кенжебаев, Ә.Сарымбетов, Ә.Полатбеков, ұлағатты ұстаз М.Өтебаев, қоғам қайраткері Ә.Бектаев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қ.Қазиев, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, қаламгер Шалқар Әбішұлы, тыл ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Е. Мырзайұлы, ардагер журналистер Ж.Сәбденбеков, С.Есмырзаев, телережиссерлер Ж. Мүлкібаева, А.Отарбаевтар және тағы басқа айтулы азаматтардың өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры туралы телехабарлар дайындадым. Кезінде радиотыңдаушылар мен көрермендердің редакцияға хабарласып, жылы пікірлері мен алғыстарын айтуы менің де мерейімді асырды.

 –  Радиода хабар табиғатын, кейіпкерді ашу сырларыңыз қандай?

–  Қазақта мынадай жақсы сөз бар. Екі рет тұздықталған еттің дәмі ойдағыдай болмайды. Мысалы, мүмкіндігі болса тікелей эфирге өз кәсібін терең әрі жан-жақты білетін маманды қонаққа шақырған ләзім. Негізгі тақырыптан ауытқымау үшін хабардың сценарийі түзіледі. Дегенмен студия қонағына тәпіштеп, нақтылап мына сұрақтарды сізге қоямын деп қонаққа оларды алдын ала таныстырудың қажеті шамалы. Ондайда хабар жанды емес, тыңдаушыны қызықтырмай, яғни, сүреңсіз өтеді. Тіпті радиоқабылдағыштың алдындағы тыңдарманды жалықтырып алуымыз әбден мүмкін. «Радионың атасы» атанған ғалым ұстазымыз Намазәлі Омашевтің бір ескертуін ұмытпаймын. Оның пікірінше хабарды шұбалаңқы, сиырдың шегіндей көпсөзділікпен созудың қажеті жоқ. Әр 4-5 минут сайын тыңдаушының көңілін сергітетін әсерлі ән немесе тағлымы мол терме берген өте ұтымды. Сұқбаттасып отырған адамға орынды әзіл айта білудің де пайдасы мол. Радиотыңдаушы –  қатал сыншы. Ол сізді көрмесе де сөйлеу мәнеріңізден, айтқан ой, пікірлеріңізден, ойларыңыздың шынайы немесе жасанды екенін тез аңғарып, байқайды. Студия қонағымен әңгіме жүргізуде сөйлеу мәдениетін сақтаған дұрыс. Қонаққа шаблонды сұрақтарды қою радиотыңдаушыны мезі етеді. Сұрақтарды тереңірек зерттеп, тыңдарманға хабардың тартымды, мазмұнды әрі пайдалы тұстарын қамтығаны дұрыс.

Радиотыңдаушыларға қажетті бағдарламаларды көбейту қажет. Мүмкіндігінше хабарлардың тікелей эфирде жүргізілгені дұрыс. Танымдық бағыттағы дүниелерді көбейткен абзал. Біздің жас журналистер еліктеуге құмар. Өзгенің қаңсығы бізге таңсық болмауы тиіс. Қазақ радиосы немесе жергілікті «Оңтүстік» радиосынан ұлттық болмысымыздың иісі аңқып тұрғанын қалаймын. Өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі. Біз, алпысыншы жылдардың балалары Қазақ радиосынан кешке эфирден берілетін «Ерден атайдың ертегілерін» сүйіп тыңдайтынбыз. Әрине әлеуметтік желілердің де ақпараттары көбейіп, бәсекелестер қатары артып барады.

–   Сіздің алдыңыздан талай жас қанат қақты. Олардың ішінде радиоға ерекше қабілеттілері, осы салаға бет бұрғандары көп пе? Радиожурналистикаға талап танытушыларға қандай кеңес бересіз?

–  Жастарға сенім артып, бағыт-бағдар бере білу керек. Олардың еңбегіне көңілім толады.Әрине, бәрі жақсы деп тоқмейілсуге де болмайды. Журналист, әсіресе, радиожурналист үнемі ізденісте жүруі тиіс.Тоқырауға ұшырасаң көп көңілінен шыға алмайсың. Уақыт, радиотыңдаушылар талабы да уақыт өткен сай ын өсіп, өзгеріп отырады.

Журналист елге, халыққа қызмет еткен соң өзінің жұмыс жоспарларын да радиотыңдаушылармен кездесіп жасаса деген ұсынысым бар. Мысалы, Қазақ радиосының басшыларымен бірге шығармашыл топ – журналистер еліміздің бар аймақтарындағы радиотыңдаушылармен жүздесіп, олардың қандай хабарлар дайындау қажеттігі туралы ұсыныс, пікірлерін зерттеп, зерделесе… Бүгінгі радиотыңдаушыларды не толғандырады? Олар қандай хабарлар тыңдағысы келеді? Осы мәселелер кеңінен қозғалса…Сонда ел ықыласына бөленер еді.

Тележурналист Асхат Садырбайға ерекше тоқталуға болады. Ол кезінде біздің телеарнада және «Оңтүстік» радиосында қызмет етті. «Жандауа» ақпаратты-сазды хабарын тікелей эфирде жүргізді. Мен Асхаттың радиостудияға келген қонақтармен ортақ тіл табысуы, хабарды мазмұнды әрі шеберлікпен жүргізетіндігіне риза болатынмын.

Жастар радиодан гөрі телеарнада жұмыс істегенді ұнатады. Онда да жаңалықтар жүргізуге ынталы. Дегенмен мәтінді оқыған кезде дауысты дұрыс қоя білу, тыныс алу мен сөз екпінін орынды қолдану оңай шаруа емес. Радиожурналистін мен сан қырлы өнер иесі деп түсінемін. Жасандылықтың қажеті жоқ. Бұл мамандықты таңдаған жас жан-жақтылықпен бірге жан дүниесі таза, мәдениетті болғанын қалаймын. Өз кәсібін жүрегімен ұнатып атқарса ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

– Енді сізді жеке тұлға ретінде айшықтайтын сұрақтарға ойыссақ. Өміріңізді мағыналы өткізуде пайдасы тиген ұстанымдарыңызбен бөліссеңіз…

– Әке-шешеміз берген тәрбиеден болар шындықты жаным ұнатады. Бал тамған өтіріктен қан тамған шындық артық. Кісінің ала жібін аттамау, яғни, жан-жағыңдағыларға қиянат жасамай және адал еңбек ету де өмірлік ұстанымым. Бүгінгі істі ертеңге қалдыру нағыз жалқаудың әрекеті.

Өмірдің өзі ұстаз, тәрбиеші. Ең бастысы, адам атына, кәсібіме сай ғұмыр кешу басты ұстанымым десем артық айтқандық болмас.

 Шығармашылықтан өзге қандай сүйікті ісіңіз бар?

– Қызықты кітаптарды жинағанды жақсы көремін. 1998 жылдан бері Шымқаламыздың қантамырындай Қошқар ата бұлағына түсіп келемін. Бұл бұлақтың суы көптеген кеселдерге ем, дертке дауа. Судан шыққан кейінгі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Дүниені өзінің қанық бояуымен көріп, тынығып шығамын. Әуелгі байлығымыз – денсаулығымыздың қайнар көзі, өмірдің өзі осы Қошқар ата бұлағы. Оның қасиетін бағалай білейік, ағайын.

 –  Сүйікті авторларыңыз бен шығармаларыңызды атап өтсеңіз…

 – Мен Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Әзілхан Нұршайықов, Мархабат Байғұт, Әмзе Қалмырзаетардың туындыларын әр жылдары қайталап оқимын. Әр оқыған сайын шығармаларды жаңа қырынан танимын.

– Сіз үшін нағыз демалыс, тынығу қай жерде өтеді?

– Жақсы кітап менің жақсы досым. Үйде пайдалы кітаптарды оқу біліміңді тереңдетеді. Оларды оқыған сайын өзіңнің таным, түсінігіңнің де ауқымы ұлғая түседі. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын үнсіз ақылшым әрі кеңесшім. Өзіңе күш, жігер сыйлайтын осындай кітаптарды оқу мен үшін нағыз демалыс. Ел арасында кітап оқу еріккенің ермегі, бос уақытты өткізу деген түсінік қалыптасқан. Мен бұл пікірге мүлдем қарсымын.

– Өмірде өкінген сәттеріңіз көп болды ма?

– «Айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы» демекші бұл дүниенің жарығы мен қараңғысының кезек алмасуы өмір заңдылығы. Өкініш пен қуаныш та сондай екен. Мені мынадай өкініш мазалайды. Телерадиожурналистік қызметті атқарған жылдары еліміздің талай танымал тұлғаларымен, қоғам қайраткерлерімен, өнер иелерімен әңгімелесіп, сұқбат жаздым. Әрине, үн, бейнетаспаға. Мысалы, кезінде тамаша қаламгер, аудармашы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, ғалым, әдебиеттанушы Рахманқұл Бердібаевпен және тағы басқа көптеген танымал тұлғалармен кеңінен әңгімелестім. Міне, осы сұқбаттарымды қағаз беттеріне түсірмеппін. Уақыт тығыз да болған шығар? Дегенмен оларды жинақтағанымда кейінгі ұрпаққа қажетті дүние қалар еді. Ал болмшы нәрсеге өкіну адамды дертке ұшыратады. Сондықтан қолда барға қанағат еткен дұрыс.

  – Қай сәттерге қайта оралғыңыз келеді?

– Балдәурен балалық, алаңсыз шағым қайта келсе… Марқұм аяулы әкеміз еңбек және соғыс ардагері Әмір көкеміз мен асыл анамыз – Дариха жеңешеміздің алдында ағам Сабырханмен бірге тай-құлындай шауып, көгілдір көктемде көбелек қуған кездеріміз-ай… Ол сағынышқа толы тәтті күндер екен… Сол бір қимас кездерді жиі ойлап, сағынғандығымнан болар соңғы кездері әке- шешем жиі түсіме кіріп жүр…

Сұхбатыңызға рахмет. Ұлттық радиомыздың ғасырлық мерекесі құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.