ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ЕСКЕНДІР ХАСАНҒАЛИЕВ ӨМІРДЕН ӨТТІ

Танымал әнші, композитор Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды. Суыт хабарды мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Ардақты ағамыз, асыл ағамыз, әйгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан КСР халық әртісі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев өмірден озыпты. Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламат болсын», — деп жазды Нұрқиса Дәуешов.

Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Атамекен», «Бозторғай», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат», «Гүл сезім» сынды бірнеше әннің авторы. «Құрмет», «Отан» ордендерімен марапатталған, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты, Алматы және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.