ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Құрметті майдангерлер!
Құрметті Отан қорғаушылар!
Қадірменді түркістандықтар!
Сіздерді елдік пен ерлік дәріптеліп, әр жыл сайын қатар тойланатын – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Расында да қос қуаныштың қатар келуінде біз байқай бермейтін ерекше бір мән бар секілді. Санадан ешқашан өшпейтін ұлы ерлік, бүгінгі тыныштық бесігін тербеткен жеңімпаз жастардың қайратын жанып, бекемдігін бекіте түсетіндей. Аталар айбыны – ізбасарларға аманат! Ұрпақтар сабақтастығын ұмытпай еске салып отыратын осы бір қос қуаныш баршамыз үшін де осынысымен құнды.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ерлігінен кем түспеуге тиіс» деген болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы Жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді», – деп айтқан еді өз құттықтауында.
Келер ұрпақтың амандығы мен жарқын болашағы үшін отқа түсіп, қайғы-қасіретті қақырата білген соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті ерліктерін Түркістан жұртшылығы ешқашан санадан өшірмек емес.
Бүгінде тұрақты даму жолына түскен Қазақстан еңселі елге айналып, үш жыл ішінде Түркістан облысы да ауқымды жұмыстарды қолға алынып, ел әлеуетін арттыруға өз үлесін аямай қосып келеді. Бұл күнге жеткеніміз үшін қан майданды көрген барша майдангерлерімізге, тыл еңбеккерлеріне мың алғыс білдіреміз.
Тәуелсіз елдің тұтастығын сақтау, мемлекет тыныштығын күзету, шекараны берік ұстау – еңселі елдіктің белгісі. Сондықтан қос мерекенің ел тарихын қадірлейтін, болашағына сенетін, ерлікті, тұрақтылықты, тыныштықты, батырлықты бағалайтын қоғам үшін алар орны айрықша.
Қазақта «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деген нақыл бар. Ұлы қолбасшыларымыз бен ержүрек бабаларымыздың ерліктері адамзат тарихында мәңгі сақталған. Ел қорғаны болып жүрген ерлерді дәріптеу – әрбір жас азаматты Отаншылдыққа тәрбиелейді.
Білімі мен қажыр-қайратын Отанды қорғауға, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтауға жұмсап келе жатқан барша әскери сала өкілдерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Ардагерлеріміз аман, жастарымыз отаншыл болсын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Елді қорғау жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз! Қазақстанымыз мәңгі жасап, оны қорғайтын отаншыл азаматтарымыз әрдайым абырой биігінде болсын!
Өмірзақ ШӨКЕЕВ,
Түркістан облысының әкімі