ТУРИЗМНІҢ ТЕТІГІ — ТЕЛЕХИКАЯ

Туризм — елдің әл-ауқатын көтеретін мықты құрал екеніне көз жетті. Елімізді әлемге танытсақ, саяхатшыларды жоғары деңгейде күтіп алып, шығарып сала алсақ, қазынамыз да қампайып, біраз жанның кәсібі өрге домалары да сөзсіз. Осы саланың қыр-сырын жақыннан байқап, тереңірек тану үшін алыс-жақын елдерге турлар ұйымдастырып жүрген «srarlike-tour»-дың жетекшісі Гүлдана Иманбаймен сұхбаттастық. 

— Гүлдана ханым, туристерге қызмет көрсету орталығының ұйымдастырушысы ретінде талай жанның «сырлы Стамбул, даңқты Дубай жеріне табаным тисе» деген арманының орындалуына себепкер болдыңыз. Бұл жоба қалай дүнеге келді? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.
— Осыдан екі жарым жыл бұрын ең алғаш ісімізді қолға алғанда қатты қобалжыдым. Өз еліміздің ішінде алып жүру бөлек, ал шет мемлекетте саяхатшыларды алып жүрудің жөні, тіпті, бөлек. Бұл — үлкен жауапкершілік. Ең бірінші турымыз Стамбул қаласынан басталды. Өз жұмысымызбен осы қалаға жиі келетінбіз. Осылайша тіл үйрендік, қаланы жақын таныдық. Осы жерлерді өзгелер де көрсе деген ой келді. Бір күні «Стамбулды көргісі келетіндер үшін арзан бағада тур ұйымдастырсам, кім келеді?» деген жазбама 19 адам жауап жазып, тіркелді. Ең алғашқы тур осылай басталды. Өте қиын турлардың бірі. Осыдан кейін «ешқашан топқа 19 адам алмаймын» деп шештім. Қазіргі турларда 15 адамнан асырмаймын. Әр кездескен қиындықтардан сабақ алып, тәжірибе жинап төселдік. Бірте-бірте аяғымызға нық тұрған соң қанатымызды кеңге жайғымыз келді. Дубайға саяхатты қостық. Пандемия кезінде ел ішінде Көлсай, Қайыңды, Шарынды қолға алдық. Жақында Грузияға турлар қосылды қоржынымызға. Бүгінгі таңда турларды ашқан сәтте бір күнде барлық орындар толып қалады. Бұл үлкен сеніммен келетін жұмыс. 2,5 жылдың ішінде айтқан сөзімізде тұрып, күткен үдеден шыға білгеннің нәтижесі деп ойлаймын.

— Туризм саласында қызмет көрсетудің артышылығы неде? Қиындығы неде дер едіңіз.

— Ең бір артықшылығы- үнемі саяхатта жүресің, ал әр саяхат- бұл бір сатыға өсу, көкжиегің кеңіп, жүрегің тынышталады. Елдің дәстүрін біліп, жақынырақ танисың. Ал, қиындығы- ол өзге елге бірінші рет келген адамды алып жүру. Оның адасып кетпеуін, алданып қалмауын қадағалау. Таңнан кешке дейін бір сәтке өздерін қалдырмаймыз.  Елге, үйлеріне аман-есен жеткізген соң ғана иығымнан жауапкершілік жүгі түсіп, жеңілдеп қаламын.

— Маршруттарыңызға болашақта қай елдерді қосу жоспарда бар?

— Қазір «sharlike-tour»мен бірге Стамбул, Дубай, Грузия елдеріне саяхаттай аласыздар. Келешекте Корея, Малайзия, Иранды қосқымыз келеді. Біздің ел Иранға онша қызықпайды. Негізі онда да көретін әдемі жерлер өте көп. Және, әрине, Еуротур. Дайын тұрған жобаларымыздың бірі. Алла қаласа, карантин бітіп, шектеулер алынса, бірден қолға аламыз деп отырмыз.

— Елімізде шөл де, көл де бар, көрген жанның көзін тойдыратын кереметтің бәрі кездеседі. Қайтсе қазақ жерінің туризмі бәсекеге қабілетті бола алады деп ойлайсыз.

— Сөзіңізбен жүз пайыз келісемін. Біздің жерімізде саяхатшыларды қызықтыратын барлық нәрсе бар. Шет елде жүргенде еліміздің видеоларын тамашалатып, елімізді танытып жүреміз. Шетелдік азаматтарға елімізді көрсету арқылы Қазақ туризмін дамытқымыз келеді. Бірақ, ең алдымен қызмет көрсету сапасын жақсартуымыз керек. Мысалы, өзіміз барып жүрген Көлсай, Қайыңды, Шарында енді ғана әлемдік стандартқа сай қонақ үйлер соғылып жатыр. Солар бітсе бізге де саяхатшылар, міндетті түрде, келеді. Шет елдегі қызмет көрсету деңгейін көріп қалған біздер Қазақстанға келгенде кішкене ішіміз ашитыны рас. Біз жұмыс жасайтын қонақ үй иелерінің бізге деген қарым-қатынастарын көріп, «қап, әттеген-ай!» деп қаламыз. Дегенмен, бәрі уақытпен келеді, болашақта жақсы болады деген ойдамыз. Түркияның туризмін дамытып отырған — түрік телехикаялары. Түсірілімге ең алдымен министрліктен рұқсат алады. Телехикая тағдырын шешетін — туризм министрлігі десем сенесіз бе?! Режиссерға талап қойып: «Сіздің телеөніміңізде Қыз күлесі 50 рет, Сағат күлесі 100 рет, теңіз 1000 рет көрсетілуі керек» деген арнайы тапсырма беріледі. Түсірілім біткен соң министрлік қайта қарап, стандартқа сай болса ғана прокатқа шығарады екен. Мәдениет және туризмнің тізе қосып жұмыс жасауынан туризм осындай деңгейде дамып отыр. Бізде де осындай жобалар қолға алынса дейміз. Елімізді әлемдік деңгейде таныта алсақ, көрсететін жерлеріміз жетерлік.  

 — Жалпы қазақ жерінің қай нүктелеріне сапарлар ұйымдастырасыздар? 

— Қазір тек Жетісу жерінде ғана турлар жасап жүрміз. Осы уақытқа дейін шетелдік азаматтардан 2-3 азамат келді. Оның өзі біз үшін үлкен нәтиже. Арасында ағылшындықтар жекемізге «Турларыңыздың бағасы қанша? Не кіреді?» деп жазғанының өзіне қуанамыз. Болашақта сұраныстар артатынына сенімдіміз. Жақында Түркістан бағытын қосамыз. Және, Маңғыстау өңіріндегі әдемі жерлерді қосқымыз келеді.

— Сұхбатыңыз үшін алғысымыз шексіз, мақсаттарыңыз орындалып, «sharlike» қанатын кеңге жайсын! 

— Сіздерге де жұмыстарыңызға алға бассын деп тілек айтамыз. Бұйырса, «sharlike»-пен бірге әлемді шарлайық!

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛ

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.