ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША АЛДА КЕЛЕДІ

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Ұлттық мектеп лига ойындары биыл да өз жалғасын тапты. Биылғы лига жас ерекшеліктеріне қарай спорттың 10 түрі бойынша (баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, асық ату, бес асық, Президенттік сынама, үстел теннисі, тоғызқұмалақ) ақпан мен мамыр айлары аралығында өтіп жатыр.Қала мектептерінен 40 мың оқушы қатысқан спорттық сайыс өте тартысты өтті. Үш кезеңдік іріктеуден соң республикаға жолдама алған жас спортшылар еліміз бойынша әзірге бірінші орында келеді. Атап айтқанда волейболдан 9-11 сынып ұлдар арасында №71  мектеп «Шұбар доп» жеңімпазы,  волейболдан 7-8 сынып қыздар арасында №113  мектеп «Шұбар доп» жеңімпазы, футболдан 9-11 сынып ұлдар арасында №58 мектеп «Былғары доп» жеңімпазы, футболдан 9-11 сынып қыздар арасында №39 мектеп «Былғары доп» жеңімпазы, үстел теннисінен 5-6 сынып оқушылары арасында №120 мектеп, 7-8 сынып оқушылары арасында №94 мектеп оқушылары озық шықты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласында өткен футзал жарысында №39 мектептің қыздары намысты қолдан жібермеді. Жалпы айтқанда қала қоржыны жеті бірдей алтынмен толықты. Маусым айының соңында мәреге таяйды деп күтіліп отырған лигада спортшыларымыз әлі де үздік шығады деген зор сенімдеміз.

Бүгінге дейін республикалық додадан орын алған командаларды Шымкент қалалық білім басқармасы арнайы марапаттап келеді. Марапаттау шаралары жеңімпаздарды дайындаған мектептерде өтуде. Осындай кезекті жиынның бірі 16-мамыр күні №86 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылды. Аталмыш білім ордасының оқушылары спорттың зияткерлік түрі, ұлттық спорт тоғызқұмалақтан мектепішілік, қалаларалық, республикалық ойындарынан топжарған жүйріктер.  Көкшетау қаласына жолдама алған жас тоғызқұмалақшылар жекелей ойында күміс және қоланы еншілеп, қала намысын қорғап қайтты. «Мен Көкшетау қаласында өткен ұлттық лига ойындарына барып, көптеген достар таптым. Қарсыластарыммен бәсекеге түсіп, шеберлігімді шыңдадым. Спорт бізді бір күшке біріктірді, достығымызды нығайтты. Көкшенің әсем табиғатына тамсанып қайттым. Екінші орын алдым. Осындай мүмкіндік сыйлаған басқармаға және білікті бапкерім Салтанат Сапарбекова алғыс айтамын» дейді жас спортшы Нұрғиса Қадырбек. Жеңімпаз командаларға, оқушыларға және денешынықтыру пәні мұғалімдері мен бапкерлерге Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның атынан алғыс білдіріліп, арнайы Диплом мен кубоктар, сый-сыяпат үлестірілді.

Жастар тәрбиесінде маңызы зор спорттық жобаның мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, жас ұрпақты нашақорлық, алаяқтық, қылмыс секілді зиян әдеттерден алыс ұстап, салауатты өмір салтына қалыптастыру. Өзара достық қарым-қатынасты нығайтып, республикалық жарыстарға Шымкент қаласының үздіктерін қатыстыру болып табылады.

Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев өз Жолдауында: «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деген болатын. Осы мәселе негізінде Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары әрқашан жаңа ізденістерге бет бұрып, оқушылардың спорттан жырақтамауына, жас өскіннің өсіп-өрлеуін басты назарда ұстап келеді.

  Дәулет ҚҰТТИЕВ,

Шымкент қалалық білім басқармасы

әдістемелік орталығының дене тәрбиесі әдіскері.