ШЫМКЕНТ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БАСПАСӨЗ БРИФИНГІН ӨТКІЗДІ

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өңірдің даму стратегиясы аясында әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді.
Шыңғыс Жұмабекұлы 6 айда білім, денсаулық сақтау, ішкі саясат, мәдениет салаларында жүзеге асқан жұмыстарды қорытындылады.

Шымкент қаласының білім саласына 2021 жылға 135 002,1 млн теңге бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 84,3 %-ға артып отыр.
Қалада 2017-2021 жылдар аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 100-ге артты. Сәйкесінше, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамту пайызы 5,7 %-ға ұлғайған.
Кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында 11 қосымша білім беру мекемесінде 20 061 тәрбиеленуші бар. Қосымша біліммен қамту көрсеткіші – 74%. Жалпы 157 882 оқушыны құрайды. Спорт басқармасына қарасты 24 спорт мектепте – 15 341 (7,1%). Білім басқармасына қарасты қосымша білім беру, мектеп жанындағы үйірмелер есебінен – 142 541 (67%).
Биыл қосымша 23 робототехника кабинеті, 4 технопарк және бизнес инкубаторлар ашылды.

Қала әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, 2021 жылы 175 мекеме ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын (ақтау, сырлау) жүргізу үшін 330 млн 600 мың теңге қаржы қаралып, 85 %-ның мердігері анықталды. Жөндеу жұмыстары басталуда.
Білім беру мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстарына 74 млн 300 мың теңге қаралды. Жөндеу жұмыстарын тамыз айына дейін жүргізу жоспарлануда.

Қалада 16 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Ағымдағы жылы 1 мектепке (№14 жом) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қаралып, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, шаһарда білім беру ұйымдары 100 % бейнебақылау камераларымен қамтылған.

Шымкент қаласында жыл басынан бері этностар шоғырланған жерлерде мақсатты топтармен 45 кездесу және 18 іс-шара, сондай-ақ, лекциялар мен ашық дәрістер ұйымдастырылды.

Есепті мерзімде қаланың қоғамдық-саяси ахуалы мен этносаралық қатынастар саласына теріс ықпал еткен оқиғалар тіркелген жоқ.
Шымкент қаласында 14-29 жас аралығында 239 986 жас бар. Бұл қала халқының 22,3 %-ын құрайды. Қалада студент жастар үшін 40 жатақхана жұмыс істейді. Жатақханамен қамтылған студенттер саны – 7 554.
2021 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған жастар саны – 4647 (2020 жылы 3620 жас). Оның ішінде уақытша жұмыспен қамтылған жастар – 2520, бос жұмыс орындарына жолдама берілгені – 1603, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолдау алған жастар саны – 524.

Қала бойынша 48 жастар ұйымы тіркелген, оның 21-і белсенді қызмет етеді (43,7%). Жастарға арналған іс-шараларды жүзеге асыруға және жастар қоғамдық бірлестіктерін қолдау мақсатында 2021 жылы 9 жоба қаржыландырылды.
Шымкент қаласында 2021 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша жастар арасында 426 қылмыс (2020 жылы 620 қылмыс) тіркелген. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 194 қылмысқа төмендеген.

Сонымен қатар, Қазақстан Рсепубликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 15 тақырыпта жаңа апталық бағдарламалар әзірленуде. Көпшіліктің көзайымына айналған «Ақжүніс» отбасылық бағдарламасы шілде айынан бастап апта сайын көрермен назарына ұсынылмақ.