Еліманов Әлбек Қадырұлы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Металлург күні» қарсаңында металлургия саласының дамуына үлес қосқан жұмыскерлерді марапаттап, еселі еңбектері үшін алғыс айтты. Қаламыздың металлургия саласында 30 жылға жуық белсенді жұмыс жасаған Еліманов Әлбек Қадырұлын «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының қызметкерлері Еліманов Әлібек Қадырұлын төл мерекесімен құттықтап, министрліктің медалін табыстады.

Еліманов Әлібек Қадырұлы 1986 жылдан 2010 жылға дейін Шымкент қорғасын зауытында әр түрлі лауазымдарда жұмыс атқарды. Осы корпорациядағы соңғы лауазымы: ӨТД бастығы және зауыттың аға диспетчері болды.

2010-2012 жылдары Шымкент қорғасын зауыты «А-MEGA TRADING» ЖШС агломерациялық цех бастығы болып еңбек сіңірді. Осы кезеңде адал еңбегі, Қазақстан Республикасының дамуы мен қалыптасуына белсенді қатысқаны және лайықты үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.

2016-2019 жылдары «KARLS KRONA LS AB» ЖШС-де өндірістік цех шебері болып жұмыс істеді.

Еліманов Әлібек Қадырұлы сауатты және жоғары білікті маман. Жұмыс барысында өзін жауапты, адал, еңбекқор қызметкер ретінде көрсете білді.

Металлургия саласында тәжірибесі мен білімі мол, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, батыл шешімдер қабылдап, істің қиюын келтіреді десек дөп айтқанымыз болар. Тағылымдамадан өтушілерді, студенттерді және жаңадан қабылданған қызметкерлерді де оқытып, іске үйреткен.  Ол өзінің алдына қойылған кез-келген күрделі мәселелерді шешіп, әріптестер арасында бедел мен құрметке ие болды.

Бұл марапат Әлібек Қадырұлының қадірі мен құрметіне лайықты.