АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Егемен елдің әр таңы ерекше атады. Жақсы естеліктерді қойнауына алып, тағылымды істерімен әр күні өзгеше батады. Қарты тәубешіл, жастары тәуекелшіл елге қарап, «келешегің кемел-ау» деп сүйсінесің. Ақсақалдарды ардақтап, қажет жерде ақылдасып, қал-жайын сұрасаң, ат мінгізгеннен кем емес. Көңілдері марқайып, ақ батасын ағыл-тегіл ақтарады. Осындай ізгі істің күні кеше ғана куәсі болдық.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев Орталық саябақ ішіндегі «Ақ тұлпар» шахмат клубының ардагерлерімен кездесті. Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған жүздесуде жасөспірімдер және ересектер арасында шахмат, дойбы және тоғыз құмалақ спорты жайлы әңгіме өрбіді. Аға буынмен жастарды аталған спорт түріне баулудың маңызды тұстары талқыланды.

Сондай-ақ, Рашид Мамытұлы қариялардың уақытын пайдалы етіп өткізу мақсатында Орталық саябақтың  аумағында ақсақалдарға арналған шахмат клубы бой көтеретінін мәлімдеді. Онда қаламыздың қазынасы саналатын ақсақалдар үшін барлық жағдайлар жасалатын болады.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.