«КӘСІБІМІЗ КЕҢЕЮДЕ»

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауыл дамуының берік негізі бола алатынын, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын атап айтқан болатын. Президент шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар қолға алынып, нәтижесін көрсетуде. Соның бірі — 2019 жылы басталған «Жас кәсіпкер». Үш апталық оқудан соң, бизнес жоспарын сәтті қорғаған талай жас өз ісін бастады. Отандық өнімді шығарып, кәсібін жолға қойған жандарға қарап қазақтың «Балық берме, қармақ бер» деген тәмсілінің дұрыстығына тағы бір көз жеткіземіз.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасына үміт арқалап барған Сүттібай ЖАҚҰТБЕК Мемлекеттік грант қаражатына ие болып, өз кәсібін ашты. Өзіне қажетті құрал-жабдықтар алып, қазіргі таңда балық аулауға арналған арнайы жем өндіреді. Біз де Сүттібай мырзамен сұхбаттасып, кәсібінің жәй-жапсары жайлы білдік.

— Алғашқы сұрағымызды бизнес идеядан бастасақ, бұл өнімді қолға алу жайлы ой қайдан келді?
— 2019 жылы «Жас Кәсіпкер» бағдарламасы басталды. Бағымды сынап көрейін деп, қатысуға өтініш білдірдім. Арнайы тесттен өтіп, 15 күндік оқуға қабылдандым. Оқи жүріп берілетін 500 мың теңгеге лайықты бизнес-идея ойландым. Берілетін ақшаны барынша тиімді пайдаланғым келді. Бірге оқыған жігіттердің басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысамыз деді. Қой, жылқы, қоян, тауықты табыс көзіне айналдырмақ. «Неге маған осы мал азығын (комбикорм) дайындамасқа?» деген ойға келдім. Мал азығын дайындайтын құрал-жабдықтарды іздестірдім. Арнайы тапсырыспен алдырған жағдайда қалтаға қонымды болатынын білдік. Бизнес жобамды арнайы комиссия алдында сәтті қорғадым. Мұндай кәсіппен айналысатындар жоқтың қасы екендігін айтып, бастамамды қолдай кетті.

— Оқу барысы жайлы айтып өтсеңіз. Кәсіп жүргізуде қаншалықты пайдасын көрдіңіз?
— Бізге оқуда бизнесті жоспарлау, құру, маркетинг жөнінде өте ауқымды ақпараттар берілді. Үш апта оқытты. Сол уақытқа шәкіртақы да төледі. Жетекшім Луиза апайдың көмегімен «айрықша сауда ұсынысын қалай жасаймын?»,«бизнес жоспарды қалай құрамын?» деген сұрақтарыма жауап таптым. Кәсіпті нөлден бастап құру, шығындарды барынша азайта отырып жоспарлау, нарықтағы бәсеке сияқты барлық сұрақтарға жауап алдым. Алған білімім өз пайдасын тигізуде.

— Кез-келген кәсіпті нөлден көтеру, аяққа тұрғызу оңай шаруа емес. Осы жолда кездескен кедергілерді қалай жеңдіңіз?
— Ең үлкен қиындық сатумен байланысты болды. Алғашында өнімді, сауда белгісін ешкім танымайды, білмейді. Бірақ, отандық өнім екенін айтып, таныстырған соң сатылым да жүре бастады. Бір сөзбен айтқанда «тоң еріді». Қазір тұрақты алушыларымыз бар.

— Шикізатты қайдан аласыздар?
— Англия, Ресей, Қытай елдерінен алдырамыз. Алматы мен Шымкент каласынан алынатын компоненттер де бар.

— Қолдаушыларыңыз кімдер?
— Қолдаушыларым – отбасым, мендегі күш-жігер, сенімділік пен табандылық деген қасиеттерді сыйлайтын, демеу беретін жақындарым. Және бизнесті дұрыс жүргізуде бағыт беретін наставниктерім бар. Ол кісілер өз қателіктерін, ақылдарын айтып отырады. Сондықтан компания тез дамып келе жатыр. Егер бизнесте ол кісілер болмағанда көп уакыт пен қаржы жоғалтатын едім.

— Және соңғы сұрақ – кәсіпті дамыту, кеңейту бойынша қандай қадамдар жасалуда?
— Қазіргі уақытта компанияны үлкейту бойынша жұмыстар жасалып келеді. Ассортиментке ай сайын жаңа өнімдер қосылуда, бұрын цех үйде болса, қазіргі уакытта цехты арнайы өндірістік орынға көшірдік. Шымкент қаласынан бөлек басқа 7 қалаға жіберудеміз. Сонымен қатар, таяуда Қазақстанда бұған дейін қолға алынбаған өнімдер шығарыла бастайды. Ол өнім «бойлы» деп аталады. Бойлы шығаратын құрылғыны Италиядан алдырттық. Осылай кәсібіміз кеңеюде.
— Сұхбатыңызға рақмет. Кәсібіңізге береке мен даму тілейміз.
Сұхбаттасқан Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.