ТӘУЕЛСІЗДІК

Ұлы далам – ұланғайыр байтағым,
Кеңдігіңді келбетіңнен байқадым.
Бостандығым басымдағы бағым ғой,
Бақытсызбын деп қалайша айтамын?
Бостандықты қанша дәуір аңсадық?
Қазақ елі жеңіп алды – жан салып.
Елдік Туын желбірету жүгінен,
Ауыр емес әлемдегі барша жүк.
Көтеруге тапсын лайым далам күш,
Даласы бар елім ғажап табар күш.
Бостандықты келешекке жеткізсек,
Келешекте ұрпақ айтар сан алғыс!
Мынау дала — бабалардың мұрасы,
Атамекен — мейірімнің тұмасы.
Тәуелсіздік — күллі күрес жеңісі,
Көнелердің қабыл болған дұғасы!
Тәңір сыйы, басқа қонған нұр-бақсың,
Жадырадық, көз жасымыз құрғап шын.
Арымыздай ардақтысың біз үшін,
Тәуелсіздік, жанымыздан қымбатсың!
Авторы: Балтабек Нұрғалиев