ТАРЫДАЙ ШАШЫЛҒАН ҚАЗАҚТЫ КӨК ТУДЫҢ АСТЫНА ЖИНАҒАН

Елбасының егемендік алардан бұрын қабылдаған батыл шешімдерінің бірі — жұмыр жердің бетіне тарыдай шашылған қандастарды елге шақыру болды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бір ай бұрын, 1991 жылғы 18 қарашада, Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 Қаулы шығартты.

Ал, Ел Тәуелсіздігін жариялай сала, он бес күннен кейін, яғни, 1991 жылы 31 желтоқсанда Тұңғыш Президент «Қазақ радиосының» эфирінен сөз алып, «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық» – деп, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты тарихи Жолдауын жариялады. Осыдан соң-ақ атажұртты аңсап, топырағына табаным бір тисе деп жүрген қаншама жан үмітін үкілеп шекара асты, Отанына оралды.

Тебіреніске толы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Сағыныса қауышқан құшақтар, аңқылдай ақтарылған тілектер, қуаныш кернеген жүректердің куәсі болған еді асқақ Алатау. Осы құрылтайда Елбасының бастамасымен дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Осы уақытқа дейін шақырылған құрылтайлар қазақ көшіне тың серпін берді. Бүгінгі күнге дейін 1 млн 700 мыңнан аса қандас атамекенге оралды.

«Елге ел қосылса — құт» дегендей, қандастар келіп демографияға демеу берді. Бүгінде Қазақстандағы қазақ ұлтының үлес салмағы 70 пайызға жетті. Бір емес екі ашаршылықтан қынадай қырылып, зұлмат соғысты өткеріп, қуғын-сүргіннің қудалауына түсіп, «тар жол, тайғақ кешудің» соқпағымен сан тарапқа шашыраған қазақты ұлт етіп ұйыстыру, жұдырықтай жұмылдыру — тарихи салмағы жағынан теңдессіз шешім болғанына бүгінгі күні көз жетті.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ