ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ КӨМЕГІМЕН ЖЕКЕ СТУДИЯСЫН АШҚАН ҚОЛӨНЕРШІ

Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін қарыштап алға дамып келеді. Сан саланың барлығында ілгерілеу, даму бар. Солардың қатарында кәсіп істеймін деген кәсіпкерлерге де қолдау қарқынды. Мемлекеттік деңгейдегі түрлі бағдарламалар кәсіпкерлердің алға дамып, өз кәсібін ашуына мол мүмкіндік беруде.

Шымкент қаласының тұрғыны Диана Жайлаубаева кесте тігу өнерін жетік меңгерген қолөнер шебері. Ісмер ұлттық нақыш пен заманауи үлгіде қол өнер бұйымдарын әзірлеп, кесте тігеді және ою-өрнектерімен әшекелейді. Осы уақытқа дейін бас киім,сөмкелер және тағы да басқа дүниелерін әлеуметтік желі парақшасы арқылы ұсынып келген. Өз кәсібін одан әрі дамыту мақсатында ол мемлекеттің қолдауына жүгінген.

Ісмер қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қосымша «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдайды. «Қолөнер бұйымдарын жасау ісі» бойынша қайтарымсыз грантқа өтінімін білдіріп, комиссияның шешімімен құжаттары мақұлданған. Нәтижесінде 200 АЕК(555 650 тг) көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды.

Диана «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген қайтарымсыз грант қаражатына тігін машиналары, манекендер мен тағы да басқа қажетті материалдарды сатып алып, қолөнер студиясын ашқан. Қазіргі таңда бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Үш баланың анасы бұл жетістігімен шектелмей, алдағы уақытта қолөнер шеберханасын дамыту жоспарлары орасан екендігін айтады.