ТӘУЕЛСІЗДІК ЕСКЕРТКІШТЕРІ

ДАҢҚ МЕМОРИАЛЫ

   Ауыз толтырып айтатын келесі кешен – Абай саябағы аумағынан орын алған Даңқ мемориалы. Бұл көлемі жағынан ТМД бойынша сұрапыл соғысқа арналып салынған ең үлкен ескерткіштер жиынтығы болып есептеледі. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арнап ашылған еңселі туынды өзара бірнеше символдардың басын біріктіруімен ерекшеленген. Кешен қайта жөндеуден өткен «Мәңгілік алау» ескерткішінен басталады. Ары қарай майданда жан аямай ерлік көрсеткен 140 000-нан астам оңтүстікқазақстандық сарбаздың есімі қашалып жазылған, көлемі 200 м болатын тақтайша «Даңқ» аллеясы жалғасын тапқан. Кешеннің ең маңызды бөлігі саналатын бұл композициядан қала тұрғындары өз бабаларының есімін оқып, ерлігіне тағзым етеді. Батыр ұрпақтарының елге деген құрметі артып, бейбіт күннің әсте оңайлықпен келмегенін ұғындырады. Тасқа қашалып жазылған әр есімнің артында бір тағдыр, бір үміт және бірнеше ұрпақтың бейбіт күні үшін құрбан етілген жанкештілік жатқаны сезіледі… Бүгінгі жас өскін мұндай ерлікті ұмытуға тиіс емес. Ұлтарақтай жеріміз бен салт-дәстүр беріктігі үшін, мәңгілік елдің ақ таңы жолында қасық қанын қиған боздақтардың есімі осылайша санамыздан нық орын теппек.

Әрі қарай алға жылжысаңыз, кешеннің орталығынан «Жұлдыз» ескерткішін көзіңіз шалады. Мұндағы қызыл гранитте —  51 Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің 8 толық иегерінің есімі жазылған.  Кешеннің соңы жауынгерлік ұшақпен тәмамдалады.

Ұлы Отан соғысынан қайта оралмаған қандастарымыздың есімі мәңгілікке жазылған саябақта қашанда бабалар рухы сезіліп тұрады. Бұл жерге жыл сайын Жеңіс күні мерекесін атап өтуге мыңдаған тұрғындар мен қонақтар, ардагерлер келіп гүл шоқтарын қояды. Жеңіс алауы жағылып, ашық аспан астында бейбіт күннің әні шырқалады. Тек мереке күндері ғана емес, мектеп оқушыларын, студент жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында да аталмыш кешен үлкен рөл ойнап келеді.

(Жалғасы бар, басы алдыңғы мақалада)