ШЕКАРА ҚАЛАЙ ШЕГЕНДЕЛДІ?

Тәуелсіз ел атандық. Кеңестік қирандыдан қалған еш дүние «біздікі» деп иемденуге келмейді. Жаңа рәміздерімізді таңдадық. Төл теңгемізді айналымға енгіздік. Өз Ата Заңымызды қабылдадық. Ендігі мақсат — шекараны шегендеу. Етек-жеңі жиналмаған дархан даланың толыққанды иесі екенімізді сезіну. Бұл жөнінде Елбасы өзінің 1996 жылы халыққа арнаған Жолдауында тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылай келе: «Халықаралық ауқымда танылмайынша, әлемдік қоғамдастық тарапынан қауіпсіздік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымайтынына кепілдік алмайынша, мемлекеттіліктің қалыптасуы, егемендік, экономикалық реформалар, әлеуметтік саланы дамыту туралы әңгіме қозғау құрғақ сөз болып қала береді», —  деуі соның дәлелі.

Жалпы аумағы 14 мың шақырымға созылған шекараны белгілеп алу ұзақ мерзімге созылған келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болды. Оның ішінде құрлықтағы ең ұзын шекара — 7500 шақырымға созылған Қазақстан-Ресей шекарасы да бар. Ал, Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1782 шақырым Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара. Ал, оңтүстігінде Түркіменстанмен — 426, Өзбекстанмен — 2354 және Қырғызстанмен — 1241 шақырымға созылған шекара аумақтары бекітілді.

Ең алғашқы келіссөздерді Қытай елінен бастады. 1992 жылы басталған келіссөздер 1994 жылы 26 сәуірде жемісін беріп, «Қазақстан-Қытай шекарасы туралы» келісімге қол қойылды. Бұл келісім 1997 жылғы 24 қыркүйекте, 1998 жылғы 4 шілдеде қосымша келісімдермен толықтырылды. Бұл жөнінде «1994 жылы  премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген  сапарында, екі елдің  арасындағы  шекараны  заңдастырып,  үлгеріп, тиісті  келісімге қол қойдық.  … 1995 жылдың қыркүйегіндегі  бұл елге барып қайтқан  үш күндік сапар  үстіндегі  соңғы жолығысу  өте ерекше болды.  … Қазақстан мен ҚХР арасындағы  Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау  жөніндегі  грамоталар алмасу  протоколына қол қойылды» деп еске алады.1999 жылғы қараша айында Қазақстан президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қытайға ресми сапары барысында ҚР мен ҚХР арасындағы шекара мәселесін толық реттеу туралы Бірлескен мазмұндама қабылданды. Демаркацияланған шекараның жалпы ұзындығы 1660 км.Осынау үлкен шекара бойында бірден бір даулы жер жоқ.

«Құрлықтағы ең ұзын шекараны» бекіту жайлы Хаттамаға 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Пре­зиденті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары бары­сында қол қойылды. Осы қатынастың қорытындысындай, 2005 жылдың 18 қаңтарында  Мәскеуде  Нұрсұлтан Назарбаев  пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей  мемлекеттік шекарасы  туралы  келісімге қол қойды. Нәтижесінде әлемдегі  ең ұзақ  шекара құқықтық  негізде бекітілді.

Бірнеше даулы телімдері болып келген Өзбекстанмен шекараны анықтау да оңайға түспеді. 2001 жылы 16 қарашада және 2002 жылы 9 қыркүйекте Қазақстан мен Өзбекстан арасында «қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы» туралы келісімге қол қоюмен бұл күрделі мәселе де өзінің оң шешімін тапты.

1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республи­касы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мем­е­кеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан мен Түркіменстан шекараны талқылауды 2000-2001 жж. жүргізді, делимитация туралы алғашқы келісімге 2001 ж. 5 шілдесінде қол қойылды. 2003-2005 жылдар аралығында шекара жер бетінде толығымен белгіленді.

Қазақстанның бүгінде барлық көрші елдермен татулықта болуының негізі — дәл осы дер кезінде бейбіт жолмен шешілген шекара мәселесімен байланысты десек қателеспейміз. Елбасының мәселенің мәнісін тереңінен түсінгенін аңдаймыз. Қазақстан — ше­ка­ра түйткілдерін халықаралық та­лап­тарға сай тұтастай шешіп алған мемлекет. Мұны еліміздің тәуелсіздік жыл­дарындағы басты жетістіктерінің бі­рі деуге әбден болады.
Нұрила ШЫНӘДІЛ

 

 

 

 

 

 

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.