ЕЛБАСЫ: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ — 2050 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 30 ДАМЫҒАН ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛУ»

Таяуда Қытай коммунистік партиясының 100 жылдығына орай онлайн форматта басқосу ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Ол өз сөзінде Жаһандық дағдарыстарға тек халықаралық ынтымақтастық орнату арқылы төтеп беруге болады деп мәлімдеді. Жиында еліміздің Тұңғыш Президенті «Nur Otan» партиясының қызметі мен Қазақстанның алдағы жоспарлары жайында баяндады.  Тұңғыш Президент партиялардың геосаяси ахуалды реттеуге өз үлесін қосу қажеттілігін атап өтті. «Nur Otan» мен Қытай коммунистік партиясының екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігін дамытудағы рөлі зор» — деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның басты мақсаты – 2050 жылға дейін 30 дамыған елдің қатарына қосылу. «Nur Otan» партиясы осы міндетті орындауға сүбелі үлес қосып жатыр. Саяси бірлестік алғашқы күннен бастап халық пен тұтас қоғамның әл-ауқатын арттыруға басымдық берді. Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус пандемиясы кезінде бүкіл елдің партиялары бірлесіп, жаһандық дағдарысқа төтеп беру керек екенін ерекше атап өтті.

«Nur Otan» партиясының төрағасы қазір әлемнің барлық елдері арасында COVID-19-ға қарсы вакциналарды біркелкі және әділ тарату ісінде кооперациялық тәсілді пайдалану қажеттігіне де тоқталды. Сондай-ақ Елбасы саяси бірлестіктердің жаһандық сын-қатерлерді барынша азайту және дамудағы теңсіздікті азайту бағытындағы жұмысының маңыздылығын атап өтті.