ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІГІ: АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА БОКСТАН ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАР КОМАНДАСЫ БАС ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

Тамыздың 17-31 аралығында Біріккен Араб әмірлігі, Дубай қаласында бокстан жастар мен жасөспірімдер арасында 18 мемлекеттің қатысуымен Азия чемпинонаты өтті.

Дубайда бокстан өткен кезекті Азия чемпионатында Қазақстанның жастар құрамасы ғаламат жетістікке жетті. Рингте өздерінің мықтылықтарын дəлелдеп, қарсылас шыдатпаған жастарымыз Азияда үздік атанды.Қазақстан жастар құрамасы бокстан Азия чемпионатында 8 – алтын, 2 – күміс, 2 – қола еншілеп, бас жүлдені иеленді. Бұл додада бокстан сары құрлық елдерінің адуынды жастары бас қосып, тəжірибелерін арттырды. Екінші орынды 3 – алтын, 3 – күміс, 1 – қоламен Өзбекстан жастары иеленді. Азия чемпионатының жекпе-жегінде бұрымды боксшыларымыз Аида Сарибарова мен Ұлжан Сарсенбек алтын медаль иеленіп, жеңістің шыңын бағындырды.

Сары құрлық елдерінің ең талантты жас боксшылары бас қосқан чемпионатта жұдырықтасқан Төрехан Сабырхан мен Бахтияр Анарбаев жеңімпаз атанды. Мамандардың айтуынша, осы жеңімпаз жастардың арасында болашақта ел мерейін үстем етер талай олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері тəрбиеленуде. Осындай Азия чемпионаттары арқылы ұландарымыз спортта өсіп келеді. Əлі алда талай əлем чемпионаттары мен төртжылдықтың басты додасы олимп ойындары бар.