ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ — ҚАЗАҚСТАНЫМ

«Бұл дүниенің дидарында біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан»,- деп кемел саясаткер Нұрсұлтан атамыз айтқандай, жалғыз Отанымыз – Қазақстан! Иә, тәуелсіз Қазақстан… Менің мақтан тұтарым! Менің кіндік қаным тамған қазақ даласы! Мені әлпештеген ел! Мен сүйген Қазақстан! Егемен елімнің есімін есіткенде, бойымда рухани күш-қайрат тасып, шыбын жаным алаулаған оттай жанып, жүрегімнің атша тулайтыны жасырын емес.Себебі, Қазақстан ұғымы – қастерлі ұғым. Мені шақалақ шағымнан осы күнге дейін әлпештеген, маған табиғатының самал лебі мен ауасын сыйлаған, мені әсем даланың әсемдігіне куәгер еткен туған елім!

Бүгінде дүниежүзінің картасынан ойып тұрып орын алып, Еуразияның қақ ортасынан шекарасын сызған, әлемнің сан жылдар бұрын дамып кеткен алпауыт елдерімен небәрі 30 жыл уақыт ішінде терезесін теңдеп, шекарасын шеңдеп, керегесін кеңдеген ұлы Отаным тек ілгеріге қадам басуда.

Сан ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсап, зар қаққан, Отан үшін отқа түсіп, су кешкен, «егемендік» деп еңіреп, тәуелсіздік үшін тебіренген, елдің, жердің бостандығы үшін жан аямай күрескен кешегі батыр ата-бабаларымыздың киелі аманаты – егемен еліміз – қазіргі таңда біздің жауһар жәдігеріміз. Осынау тәуелсіздігінің тұғыры берік болатын дербес еліміз бұл күнде ұлттық рәміздерін тағайындаумен қатар, көк байрақты еркіндік символы, елтаңбаны еліміздің, жұлдызы жанған мемлекет екендігіміздің айқын дәлелі ретінде танытты.

Сонымен қатар, республикамыз қойнаудағы өлшеусіз табиғат байлықтарымен ғана емес, ең алдымен, алуан түрлі ұлт өкілдерінен құралған халқымен ерекшеленеді. 130-дан астам этнос өкілдерін жатсынбай, өз мекенімізге тартып, бүгінде, сан түрлі ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында бейбіт күн кешіп отырғанымызға талай жыл толды. Еліміздегі қалыптасқан ұлыстардың арасындағы береке мен бірлік, сыйластық, достық қарым-қатынастың орын тебуінде кеңқолтық, қазақтың дархан даласындай кең пейілі мен  ыстық құшағының аясында өтіп жатқаны белгілі. Бұл – бірлігі жарасқан Қазақстан сипаты.

Көк туды серік етіп, елдің, Отанның намысын өзге елдерде қорғап, әнұранымызды әлем төрінде шырқап, елдің атын шығарып жүрген ұландарымыз – еліміздің мақтанышты тұлғалары. Әлемдік додаларда елдің үкілеген үміттерін ақтап, Қазақстанның  мерейін үстем етіп жүрген Г.Головкин, И.Ильин, С.Сәпиев, Д.Елеусінов, Ж.Жапарқұл, Е.Сметов сынды елдің патриот ұл-қыздары – Қазақстанның рухы өр, тәні бекем ел екенін әлемге насихаттап жүр. Бұл –Отансүйгіш ұрпақ мекендейтін Қазақстан бейнесі.

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» ,-дей келе, терең білімді тәуелсіздік тірегіне, ақыл-ойды азаттық алдаспанына айналдырған Қазақстан – білімділіктің туын биікке көтерген кемеңгер ел. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалын бар, жігерлері жасымаған, тек алға ұмтылған білімді жастары бар Қазақстан – биікке өрлеген, саяси да рухани құндылықтары мол, көкке қанат сермеген, біліктілік пен ізденімпаздықтың шырақшысы болған білімді ел.

Мен, тәуелсіз елдің өскелең ұланы, кең-байтақ көсіліп жатқан жазиралы даланың кербез сұлулығына көз сүзіп өскен, бірлігі жарасқан халықтың татулығын «тұмар» деп білген, қарасаң көз тоймайтын әсем қала Астананы «Еуразияның жүрегі» деп таныған және де бірлігі берік, достастығы мығым Атамекенімді «жәннатым» деп танып, білімім мен қайрат-жігерімді өз елімнің мүддесіне жұмсауға ұмтылған жас ұланмын. Осы орайда, маған туған Отанымның тау-тасы мен топырағы, қаласы мен ауылы, бұрқырап шыққан түтіні мен өзен-көлі, ойқастаған жануары мен құрт-құмырсқасы, бәрі-бәрі ештеңеге айырбасталмайтын қымбат та құнды қазына екенін айта кеткім келеді.

Киелі Отанымның бүгінгі күні алған асулары мен бағындырған белестері аз емес-ті. Жаһандану заманында жанданған Қазақстан қазіргі таңда әлемнің ең үздік 50 елінің қатарына еніп, енді әлемнің алпауыт 30 елінің қатарына кіруді басты нысана етіп отыр. 2017 жылы бас қалада өткен, күллі әлемді «аузына» қаратып, дүниенің дидарының түпкір-түпкірінен туристтерді Қазақстанға ағытқан, елдің саяси дамуының жолындағы үлкен үрдіс, жауапты іс, әлем алдындағы абыройымыздың айғағы – «EXPO 2017» көрмесін де асқан шеберлікпен өткіздік. Кең ауқымды алып жатқан, білімді тұлғалардың ой-саналарының жетістіктерін насихаттап, табиғат ахуалының алдын алудың алғы шартын насихаттаған бұл көрмені көрген де арманда, көрмеген де арманда… Елімнің жеткен жетістіктері – «Мәңгілік ел» болу жолындағы маңызды қадамдар. Мен, Қазақстан азаматшасы ретінде, елім жеткен жетістікке өзім жеткендей болып қуанам. Себебі, Қазақстан – менің жүрегімнің төрінен орын тепкен жалғыз Отаным! Мен Қазақстан азаматшасы болғаным үшін қуанамын, Қазақстанның бейбіт тұрғыны екенімді еңсемді көтере айтамын және Қазақстанның менің туған Атамекенім екендігін мақтан тұтамын.

Алға қойған ұлы мақсаттары бар, келешегі кемел, жастары жалынды, бірлігі берік, татулығы таймас, тәуелсіздігі тұғырлы, егемендігі ғұмырлы еліміздің тағдырының сан ғасырлық тағылымы боларына еш күмән келтіре алмаймыз. Елдіктің жырын жырлап, көк байрақ пен елтаңбаға төрден орын сайлап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан аспай, береке мен бірліктің туын желбіретіп, білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеумен қатар, Отансүйгіштікке баулып, тарихымыздың талай ғасырлық тағылымын дәріптеп, Елбасымыз салған дара да сара жолмен қадам басып, Мәңгілік ел болуға ұмтылыс жасау – Қазақстанның ең ұлы мақсаты.

Қазақстан – ортақ үйіміз! Қазақстан — өгейленсек те өзегіне теппейтін өлең төсегіміз! Қазақстан – гүлденген мемлекетіміз! Қазақстан – мақтанышымыз! Қазақстан – біздің Отанымыз!       

Айдана НЫШАН