БІРІНШІ СЫНЫПҚА 380 МЫҢ БАЛА

Еліміз ел болып еңсе тіктегелі демографиямыз алға озып, көрсеткіштер көңіл қуантуда. Бақытты елдің балғындары алғашқы қоңыраудың сыңғырын естіп, жарқыраған мектептің табалдырығын аттауда. Қадірін білгенге, бұл — зор бақыт. Соңғы кездері әлемді жайлаған індет те мектеп партасында, мұғалімнің алдында алған білімнің қаншалықты бағалы екеніне көз жеткізді.

Жаңа басталған оқу жылында 7 400 мектепте 3,6 млн оқушы дәстүрлі форматта сабақ оқып бастады. Оның ішінде 380 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отыр. Ал, оқу жылының аяғында үлкен өмірге қадам басатын түлектер саны –165 мың. Жыл бойында 3,6 млн оқушыға жалпы жиыны 367,7 мың мұғалім білім береді. Оның ішінде 12 мыңнан астам мұғалім ұстаздық еңбек жолын енді бастаған жастар.