АРАЛҒА ҚАЙТА ӨМІР СЫЙЛАҒАН ҚАЗАҚСТАН

1990-шы жылдарға қарай Арал теңізі мен оның маңайындағы жерлердің жағдайы мүлде қиын болатын. Экологиялық апат жергілікті тұрғындардың денсаулығына зияны мен залалын әбден тигізген еді. Мыңдаған балықшы жұмыссыз, күнкөріссіз қалды. Орталық Азия елдері қиын түйінді шешудің жолын іздеп, бірнеше рет халықаралық кездесулер өткізді. Алайда одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Өлкенің адамдары мен экономикасына төнген қауіп барған сайын күшейе берді. Бастысы – құтқару мүмкін нәрсені құтқарып қалу еді.
2000-шы жылдардың басында Сырдария өзенінің суағарын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жоба ұсынылды. Оның басты түйіні – теңіздің солтүстік бөлігін оның құрып бара жатқан басқа бөлігінен бөліп тастайтын, отыз шақырымға созылған Көкарал бөгетін салу еді.

2001 жылы Үкімет осы жобаны бірлесе қаржыландыру туралы Бүкіләлемдік банкке ұсыныс жасады. Ұсыныс қабылданды: Бүкіләлемдік банк 64 миллион доллар бөлді, ал 21 миллион доллар біздің республикалық бюджеттен алынды. 2005 жылдың тамызында бөгет толық салынып бітті. Келесі жылы-ақ Кіші Арал жобада белгіленген межеге дейін толды.
Теңіз суы оның құрғақ түбінің 870 шаршы шақырымын жапты, бұл Арал маңындағы экологиялық ахуалды жақсарта түсті. Судың минералдануы айтарлықтай азайды, ондағы балық қорын қайта қалпына келтіру үшін бұл
өте маңызды еді. Сол кезде басталған өнеркәсіптік негізде балық аулау көлемі біртіндеп артып келеді.
Жүзеге асқан жобаның арқасында Арал жағалауында қайтадан қарбалас өмір басталды. Арал теңізінің түбегейлі жойылып кетуіне Қазақстан жол берген жоқ.