ДАҒДАРЫСТАН ДАМУҒА БЕТ БҰРҒАН ЕЛ

Әлемдік дағдарыс Қазақстан экономикасы мен қаржы жүйесінің беріктігіне, мемлекет пен бүкіл халыққа үлкен сын болды.

Сыртқы нарықтағы дағдарысты ахуалды және оның Қазақстанға тигізер әсерін сараптап шығып, Елбасы 2007 жылдың қыркүйегінде Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірінші кезектегі жоспарын жасауды Үкіметке тапсырды.

Елбасы оқиғаның қай бағытта өрбуі мүмкін екенін жан-жақты саралай келе, мемлекет қорынан әлемдік дағдарыстың теріс әсерлерін жоюға қажет қаражат бөлу туралы түбегейлі шешім қабылдады.
Дағдарыс қоғам мен экономика үшін нағыз «қауіпсіздік жастығы» болған Ұлттық қордың бүкіл маңыздылығын ашып көрсетті. Осындай қор құрған мемлекеттер аз емес, бірақ бәрі бірдей жинақтаған қаражатын ел игілігі
үшін біз сияқты тиімді пайдалана алған жоқ.
2008 жылдың 25 қарашасында Үкіметтің Экономика мен қаржыны тұрақтандыру бойынша 2009–2010 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді.

2008 жылдың қазан айында мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын құру туралы шешім қабылданды. Бірлескен қордың құрылуы әлемдік дағдарыс жағдайында ресурстарды шоғырландырып, оларды нақты экономикаға жеткізу қажеттілігінен туындаған еді.
Жаңадан құрылған холдинг Үкіметпен бірлесе отырып, қысқа мерзім ішінде, әр күрделі нысан үшін несие сызбасын жасау арқылы, «дағдарысқа қарсы» қаражатты игеру бағдарламасын жасап шықты. Ел экономикасына
тез арада 2 триллион 700 миллиард теңге келіп түсті.
Елдің 2009–2011 жылдарға арналған бюджеті әлемдік нарықтағы жағдайдың нашарлап кетуі мүмкін екенін ескере отырып түзілді. Сонымен бірге, әлеуметтік шығындар қысқартылған жоқ, олар бұрынғы көлемінде толығымен сақталды. Оның үстіне, біраз қаражат коммуналдық желілерді және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға, жол жөндеуге бағытталды.
Үкімет мейлінше осал секторларды – қаржы саласын, агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті, жылжымайтын мүлік нарығын, әлеуметтік саланы қолдау шараларын дер кезінде қолға алды.

2008 жылдың қарашасында шикізаттық емес сектордың жүктемесін азайтып, шикізатты секторға салық салуды арттыруды көздейтін Салық кодексі қабылданды. Яғни мемлекет дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы әртараптандыру үшін жағдай жасады.
Дағдарысқа қарсы бағдарлама төтенше ахуалда Қазақстанның мұнай бағасының түбегейлі төмендеуіне, қаржы коллапсына және құрылымдық қайта құруға дайын болғанын дәлелдеді. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде елдің экономикалық іргесі мығым бола түсті. Сол себепті де, әлемнің беделді сарапшылары Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасын жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы ең жүйелі және барынша жедел бағдарлама деп атады.