ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ҚАРЫШТАУЛАР

2006 жылы Премьер-Министр басқаратын Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жұмысын бастады.

2007–2012 жылдарға арналған Ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жаңашылдыққа, технология трансфертіне, ғылымның экономикалық тұрғыдан пайда әкелуін арттыруға бағытталды.
2000 жылдары жүзеге асырылған ғылымды басқарудың жаңа үлгісі тәжірибеде өз тиімділігін көрсетті.
2008 жылы ғылыми мекемелер мен алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басын қосқан алты инновациялық-білім беру консорциумы құрылды. Соның ішінде екеуі – ядролық технология мен нанотехнология
халықаралық деңгейде.
Жоғары оқу орындары жанындағы инженерлік зертханалар мен технопарктер құру техникалық тұрғыдан қайта жабдықталу үшін өте маңызды қадам болды. 2010 жылдардың басында ғылыми жобалардағы ЖОО үлесі
50 проценттен асты.
Ғылыми жобалар гранттық және мақсатты-бағдарламалық жүйе бойынша қаржыландырыла бастады. 2011–2013 жылдары ұлттық ғылымды дамытудың басым бағыттары қатар айқындалды. Ол салалар – энергетика,
шикізат пен өнімді терең өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, өмір туралы ғылымдар және үшінші индустриалық революция технологиялары.

Жаңа Мемлекеттік сыйлық ғылым мен техника қайраткерлерінің қызметіне ерекше құрмет білдірудің жоғары үлгісі болды және ғылыми ұжымға да, жеке тұлғаларға да табыс етілді. 2007 жылдың желтоқсанында Мемлекеттік сыйлықтың алғашқы иегерлері болып «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары (президенті С. Әдекенов) және математик М. Өтелбаев танылды. 2009 жылы Мемлекеттік сыйлық Ұлттық ядролық орталықтың (директоры Қ. Қадыржанов), Геология ғылымдары институтының ғалымдар тобына (директоры Б. Рақышев) және математик У.Өмірбаевқа
берілді. 2011 жылғы сыйлықты Микробиология және вирусология институтының ғалымдары (директоры А. Саданов) мен математик А. Жұмаділдаев иеленді.

Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, Германия, Беларусь сияқты отыздан астам елдің ғалымдарымен қарым-қатынас табысты жалғасты.
2010 жылы Қазақстан магистратура, докторантура (PhD) ғалымдарын дайындаудың әлемдік үлгісіне өтті. Осы мамандарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс өсе түсуде. 2011 жылғы мәлімет бойынша 5 мың магистр мен
500 PhD доктор дайындалды.
Ғылым дамуының 2000–2010 жылдар аралығындағы көрсеткіші ғылымға жасалған реформа бағытының дұрыс болғанын байқатты. Ғылым қайта жанданып, жаңа белестерге қарай ілгері қадам басты.
Білім мен ғылым жүйесінде жүргізілген ауқымды реформа айтарлықтай нәтиже берді. ЮНЕСКО атап өткендей, біздің еліміз осы салада сапалы секіріс жасай алды. Баршаға білім беруді дамыту индексі (Education for All
Development Index) бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар төрттігіне енді.