ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ТАРИХЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕГЕН ҰЛТПЫЗ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Бұл қазақ бірігіп те көрген, бөлініп те көрген. Бөлінгені — Ақтабан, біріккені – Ордабасы» деген еді. Ал, енді осы бөлінген кез бен біріккен кезге бір тоқталайықшы… 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң қазақ феодалдарының арасындағы тартыс пен алауыздықтың өршуі, қазақ жүздерінің дербестеніп, бір-бірінен алшақтауы Қазақ хандығының әскери-саяси күшін мейлінше әлсіреткен еді. Орта жүзді Сәмеке хан мен Күшік хан, ұлы жүзді Жолбарыс хан, кіші жүзді Әбілхайыр хан билеуі – осы бытыраңқылықтың айқын көрінісі болса керек. Осылайша бір-біріне бағынбай, «ала жылан, аш бақалықпен» бітіспей жүргенін пайдаланып, жоңғар билеушілері 1723 жылы өз әскерін қазақ жеріне топан судай қаптатты. Жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шыққан қазақтар тоз-тоз болып, жосып кетті. Құт мекен – Атақонысынан, мал-мүлкінен айырылып, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған бұл көш қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Мұның мәнісі: жаяулап босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, «Алқакөлдің түбіне барып сұлау» дегені екен. Қазақтардың ХҮІІІ ғасыр басындағы халін Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде былай деп сипаттайды: «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өмірінде сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Волга қыпшақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап алып, тұтас семьяларымен тұтқынға айдап әкетіп отырды» дейді. Міне, осы қиын-қыстау кезеңнен елді алып шығу, жауға қарсы соққы берудің жолын қарастырмақ ниетте 1726 жылдың күзінде Бадам өзені маңындағы Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ жиыны өтті. Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған әр рудың билері, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар түгел шақырылды. Жиындағы негізгі мәселе – басқыншы жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру. Бұл жөнінде А.И.Левшин: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілхайыр хан бас қолбасшы болып сайланды, сөйтіп халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды. Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Сырттан төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келлісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Тұтас халықтың жиналысында ілгері басудың, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланды» дейді. Сөйтіп, Ордабасыдағы осы алқалы жиын, бәтуалы басқосу халықтың рухын көтеріп, жеңісті шайқастардың (Бұланты, Аңырақай) бастамашысы болды. Бір өкініштісі, кеңестік кезеңде осынау тарихи оқиғаны ауызға алуға қорқақтап, көптеген жылдар бойы елеусіз, ескерусіз қалды. Тек, аңсай күткен азаттықтың ақ таңы атқан соң ғана «Ордабасы жиыны» қайта жаңғырды. 1993 жылы ел билігінің қолдауымен, ұлтжанды азаматтардың ұйымдастыруымен «Ордабасыға оралу» атты ұлы жиын өткізілді. Оған Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан президенттері қатысып, бір халықтың бірлігі ендігі жерде туыстас үш халықтың ынтымақ-бірлігіне ұласты. Халықтың ұлттық рухты көтерер басқосуға шөліркеп қалғандығы осы тұста көрінді. Таңғы сағат төрттен бастап жан-жақтан ағылған 150 мыңдай жан Нұрсұлтанын биікке беттетіп, жанарларын жас жуып тұрды дейді көргендер. Ордабасы биігіне ту тігіліп, еңселі ескерткіш орнатылды, жол салынып, төңірегі абаттандырылды. Әйтсе де, сол жиыннан бері жиырма бір жыл уақыт өтсе де, бұл маңда ірі көлемдегі басқосулар өтпейтін болып кетті. Адам аяғы сиреп, ұмытылып бара жатқанға ұқсайды. Уақыт бұл істі ары қарай жалғастыру, жандандыру қажеттілігін көрсетті. Себебі, қазіргі таңда Ордабасы – Қазақстан халқы бірлігінің, Түркістан – түркі халықтары бірлігінің символына айналуға әбден лайықты жер. Ордабасы – қазақ халқының бірлігінің символы. Ордабасыда біріккен бірлік жайлы басқосу болмағанда, еліміз быт-шыт болып, бытырап кетер ме еді?! Бірақ, Құдайға шүкір, ел болдық, еңсемізді тіктедік. Ал, енді жастарымыздың бойында дұрыс отансүйгіштік қасиет қалыптастыру үшін бұл тарихи орынның маңызы зор. Кішкентай ғана монғол жұрты күні бүгінге дейін ұрпақтарының санасына үздіксіз «Сен моңғолсың. Моңғол болып туылғаныңа қуан. Сенің Шыңғыс хандай бабаң болған, жарты әлемді жаулаған» деп құйып отырады екен. Біз де әр ұланымызға «Сен қазақ болып дүниеге келгеніңе мақтан. Сенің Абылайдай бабаң бар. Қазақ деген дархан пейіл, адал көңіл халқың бар. Бүгінде Қазақстанды әлем таниды. Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясын айтты. Сондай мәңгілік ел болуға талпынған ұлттың азаматысың» деп тәрбиелеуіміз керек.

P.S. Қазіргі кезде әр ру өз ескерткіш-тұғырларын орнатып, жыл сайын сол ескерткіш маңында ас беретін дәстүр «сәнге» айналды. Ал, еліміздің ел болып жойылып кетпей, бүгінгі күнге жетуінің басты себепкері болған басқосу өткен биік Ордабасы біз үшін қайта-қайта оралып соғатын ерекше орын болуы керек. Жылына ең болмағанда бір рет бүкіл қазақ бас қосып, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетсек, жарасып-ақ кетер еді.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА