ҚАЗАҚСТАН — ЕУРООДАҚТЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Еуропалық одақпен өзара іс-қимылдың бірте-бірте нығая түсуі Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келді және Еуразиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосты.
Еуроодақпен ынтымақтастықтың кеңейе түсуіне Елбасының 2000 жылдың маусымындағы және 2002 жылдың қарашасындағы Брюссельге сапарлары ықпал еткені даусыз. Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіретін кеңес, Ынтымақтастық комитеті сияқты органдар құрылды.
Еуропалық одақ Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвесторға айналды. Инвестицияның басым бөлігі мұнай-газ саласына бағытталды. Сонымен қатар, ЕО ауыл шаруашылығына, азық-түлік саласына, құрылысқа, қаржы
мен транспортқа инвестиция құйды.
2000 жылдары Қазақстан халықаралық қоғамдастық пен Еуропа мойындаған жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Оның жарқын дәлелі – 2007 жылдың желтоқсанында қабылданған – Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға
төрағалығы жөніндегі шешім еді.

2008 жылғы Жолдауында Елбасы экономикалық серіктестікті дамытуға, технология тартуға, ел заңдарын
жетілдіруге қызмет еткен «Еуропаға жол» атты арнайы бағдарлама жарияладым. 2008 жылдың тамызында «2009–2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлық шығарылды.
Бағдарлама Еуропаның көптеген саясаткерлерінің назарын аударған жемісті жобаға, Қазақстанның жаһанданудағы бағытын айқындауда елеулі құбылысқа айналды. Бағдарламаның арқасында Еуропаның беделді мемлекеттерімен жоғары деңгейлі диалогтерге қол жетті, Франция, Испания, Италия және Түркиямен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі шарт жасалды. Германиямен үкіметаралық бағдарламаға қол қойылды. 2010 жылы Германияның Қазақстандағы жылы табысты өтті. Сауда қатынастары да едәуір нығая түсті. 2011 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 50 проценті және мемлекетімізге тартылған инвестицияның үштен бірі Еуроодақтың үлесіне тиесілі болды. Жоғары технологиялық деңгейге ие Еуропа елдері Жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында Қазақстанның негізгі серіктесі
болды.

2010-шы жылдардың басында Қазақстан ЕО-мен диалогта жаңа сапалық деңгейге көтерілген Орталық Азия өңіріндегі бірінші ел болды. Оған Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік туралы жаңа келісім құқықтық
негіз болды.
«Еуропаға жол» бағдарламасының маңызды бөлігі Қазақстанның құқықтық жүйесі мен қоғамдық-саяси институттарының еуропалық тәжірибені ескере отырып дамуы еді. 2012 жылдың наурыз айында Қазақстан
сайлау құқығы саласында жұмыс істейтін «Құқық арқылы демократияға» Венециялық комиссиясына мүше болды. Еуропалық парламентпен, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеяларымен және Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық серпінді дамыды.
«Еуропаға жол» бағдарламасы сәтімен жүзеге асырылды. Мұның бәрі жаһандық әлемдегі Азия өңірі мен мемлекеттерінің арта түскен рөлін ескере отырып, Қазақстан еуропалық ынтымақтастық векторын да лайықты
бағалайтынын куәландырады.