10 528 ІС ШЕШІМІН ТАПҚАН

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының төрағалары Ербол Жанғазин мен Мұхтар Парменовтің қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде спикерлер Шымкент қалалық сотының қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының 2020 жылы атқарған жұмыстары бойынша сөз қозғады.
– Шымкент қалалық соттарында қоғаммен тиімді кері байланыс орнату толық және қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Сот төрағалары әлеуметтік желі арқылы кез келген сұраққа дер кезінде жауап беруде. Сонымен қатар, цифрландыру жүйесінің енгізілуіне байланысты сотқа әрбір үшінші іс электронды нұсқада түсіп отыр, – деді Ербол Əмірғалиұлы.
Азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Мұхтар Абайұлының ақпаратына сәйкес, өткен жылы Шымкент қаласының аудандық соттарына 23 406 азаматтық іс және талап арыз түскен. Оның ішінде 18 226 арыз қаралып, 10 528-і шешімін тапқан.
Брифинг барысында 2020 жылғы маусым айындағы заңнамадағы өзгерістерге сәйкес татуластырушы судьялар процессуалдық заңмен бекітілгені турасында айтылды. Нәтижесінде, карантин уақытындағы адрестік төлемдер мен тасымалдауға байланысты көптеген іс сотқа дейін шешімін тауып, адамдар қажетті қаражаттарын қайтарып алған.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, қалада қылмыстық істер 1,2 пайызға төмендеген.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото – Ернар Мамыр