103 ЖЕЛІСІНДЕГІ БІЛІКТІ МАМАН

Бүгінде жедел жәрдем орталығындағы мамандар тынымсыз еңбек етуде. Әсіресе пандемия тұсында 103 желісіндегі мамандарға үлкен салмақ түсті. Өз бастарын қауіпке тіге отыра науқастарға жедел жәрдем көрсетуге асықты.

Жедел жәрдем – бұл науқас адаммен ең бірінші болып бетпе-бет кездесу, алғашқы шұғыл көмек көрсету. Ең алғаш науқас адам жедел жәрдемге қоңырау шалады. Науқастың жағдайын анықтап, диагноз қоятын да солар. Сол диагнозбен ауруханаға жеткізгенге дейін көмек көрсету міндеті болып табылады.

Осындай қиындығы басым қызмет саласында Жолдасбек Тоғанаев он жылдан аса уақыт жұмыс жасап келе жатыр. Сол уақыт аралығында ауыр жағдайдағы науқастарға сәтті реанимация жасап, ажалдан арашалап қалған абзал жандардың бірі. Білікті маман биылдың өзінде екі тұрғынға сәтті реанимация жасап, аман қалуына себепкер болды.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің бойында батылдық пен жанашырлық болу керек деп есептейді жас маман.

«Жұмысымды қатты жақсы көремін. Адамдарға көмектескенді ұнатамын. Науқастардың жеңілдеп, жағдайлары жақсарған кездегі бейнелерін көрсек біз үшін сол қуаныш. Үлкен кісілер баталарын беріп те жатады. Бұл оңай кәсіп емес, әрине. Кейде қысылтаяң жағдайларға тап боласың, ондайда тез ойлап, жылдам шешім қабылдау керек», — дейді дәрігер.

Жолдасбекті әріптестері кәсіби маман деп ерекше құрмет тұтады. Себебі жедел жәрдем қажет ететін науқастарға шұғыл көмек көрсетуде өзінің кәсібилігін танытып келеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі