15 ЖЫЛЫН ТЕАТРҒА АРНАҒАН БУТАФОРШЫ
Бутафор — көп адам біле бермейтін, тіпті біреулер өмірінде естімеген мамандықтың бірі әрі бірегейі десек болады. Осындай мамандықты меңгеріп, үздіксіз 15 жылын театрға арнаған Ерназаров Төрехан Дауытұлы жайлы айтпақпыз.
Театрға келген көрерменді ерекше әсерде қалдыру, өзгеше әлем, керемет көңіл сыйлауда бутафор маманының маңызы зор. Бутафор сөзі — француз тілінен аударғанда «қоқыс, керек емес қалдықтар» деген мағынаны білдіреді. Яғни, қажетсіз заттардан аса қажетті бұйымдарды жасап отырады. Төрехан Дауытұлының да қалағаны осы, кез келген ескі заттардан қару-жарақ, қылыш, қорамсақ, пышақ, ескі сандық, кебежені театр сахнасына қолайлы, қойылым жанырына сай етіп әзірлеп отырады.
Ол үшін ағаш, желім, мата, бояу, тағы басқа материалдар болса жеткілікті. Мысалы, қойылымдағы қылыштың кәдуілгі өткір жүзді, темір қарудан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, ол бутафорлардың асқан шеберлігінің арқасында ағаштан жасалған. Бояп, әрлегеннен кейін қылыштың нақ өзіндей болып шығады. Оның сахнадағы қауіпсіздігін ескеру де бутафордың міндеті. Әрбір қойылым арқылы көрініс табатын заман келбеті, табиғаты бутафордың қолынан шыққан заттардан байқалып, сахна сол арқылы тыныс алып тұруы қажет. Тіпті, сыры көшіп, сыны кеткен заттардың да көрінісін шеберлікпен, дәлдікпен келтіре алуы тиіс.
Төрехан Дауытұлы Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға, өнерге бейім болғандықтан Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне еш кедергісіз оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын Шымкенттегі шина өңдеу зауытында суретші-көркемдеуші болып бастап, 2006 жылдан бері қара шаңырақ қазақ театрында үздіксіз қызмет етіп келеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші театр бутафоршысы бос уақытында Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы колледж студенттеріне бутафор болудың қыр-сырын үйретіп, білгенімен бөлісіп, мамандыққа баулып жүр. Таптырмас маман, нағыз шебер Төрехан Дауытұлының еңбегіне табыс, шығармашылық шабыт тілейміз.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі