1997 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚСТАН-2030» СТРАТЕГИЯСЫ

«Қазақстан-2030» стратегиясының басты мақсаты – халқының әл-ауқаты жақсы, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы мығым тәуелсіз мемлекет құру болатын. Стратегия қабылданған жылы азиялық қаржы дағдарысының күрмеуі де шешілді. Бұл жағдай – ұзақ мерзімге жоспарланған стратегияның құндылығын арттыра түсті. Міне, осылайша жаңа стратегия қоғамға, бизнеске дем берді, сондай-ақ әлемдік нарық сәт сайын құбылып тұрған кезде мемлекеттік сектордың өз бағыт-бағдарын айқындауына жәрдемдесіп, дағдарысқа қарсы тиімді құралға айналды. 2030 стратегиясында ұзақ мерзімге жоспарланған жеті негізгі бағыт бөліп көрсетілді. Олар: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның тұтастығы; қазіргі нарықтық қағидаларға сәйкес шетел инвестицияларының жоғары қарқыны және ішкі қорлардың көмегімен экономиканы одан әрі көтеру; денсаулық, білім беру мен қазақстандықтардың әл-ауқаты; инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс; кәсіби мемлекетті нығайту. Бұл басымдықтар мемлекет бюджетін қалыптастыруға ықпал етті, стратегияның әрбір тармағы жылдық, үш және бесжылдық жоспарларды жүзеге асыруға байланысты нақты әрекеттерді көздеді. Сонымен, зейнетақы, жәрдемақы мен бюджеттік қызметкерлердің жалақысын уақытылы төлеу, шағын және орта бизнес, шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар үшін үстемақы мөлшерлемесін төмендете отырып, 100 миллион долларға несиелендіру; мектептерді, соның ішінде алдымен ауыл мектептерін, компьютерлендіру сияқты мәселелер алдағы жылдағы ел мен қоғамның таяудағы міндеттері болып белгіленді. Сонымен қатар, алдағы 1998 жылы жалпы республикалық саламатты өмір салтына арналған бүкілхалықтық қозғалыс бастау және тұрғын үй құрылысының ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға кірісу міндеті тұрды. Күнделікті мәселелерді жаһандық мақсаттарды ескере отырып шешу қажет еді, осылайша тактика стратегиямен берік байланыста болды. «Қазақстан-2030» стратегиясында халыққа дамудың тың, озық үлгісін ұсынылды. Елдің алыс келешегіне бастар алдын ала болжанған, кең, айқын жолдың көкжиегі ашылды. Бұл – үнемі әлемдік дамудың соңынан еріп отыратын ескі сүрлеу-соқпақтан батыл түрде бас тартып, тыңнан жол салу еді.

Қазақстан бұрынғы КСРО-ның жаңа тәуелсіз мемлекеттері арасында бірінші болып аса ауқымды стратегиялық жоспарлауға кірісті. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі тек бірнеше жыл өткен соң ғана осындай ұзақ мерзімді бағдарламаның қажеттігін түсініп, біздің үлгіге ойысты.