1999 ЖЫЛҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ
1990 жылдың аяғында еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласқан партиялар қоғамның әртүрлі топтарын біріктірді. Алға қойған мақсат-міндеті әртүрлі партияларға тек бір ғана шектеу қойылды: Конституция және заң жолымен тыйым салынған – сословиелік, діни, рулық, тағы да басқа осы тәріздес бағыт ұстанған партиялар құруға жол берілмеді. 1999 жылдың қазанында Мәжіліс сайлауы өтті. Бұл сайлау алғаш рет бұрынғыдай мажоритарлы жолмен емес, аралас жүйе бойынша өткізілді . Депутаттыққа бір мандатты 67 аймақ бойынша 595 кандидат тіркелді: қоғамдық бірлестіктерден – 74 кандидат, өзін-өзі ұсыну тәртібімен 394 кандидат дауысқа түсті. Сайлауалды жарысқа 10 партия қатысып, бірақ белгіленген жеті проценттік тосқауылдан тек «Отан» РСП (30,89 процент дауыспен), КПК (17,75 процент), ҚАП (12,63 процент) және АҚП (11,23 процент) партиялары ғана өтті. 10 депутаттық мандаттың партиялық тізім бойынша сайлауға түскен кандидаттарға берілуі елде көп партиялы жүйе қалыптастырудағы алғашқы қадам болды. Бұл сайлауларда Қазақстан партияларының (сайлауалды жарысқа 10 партия қатысты) саяси өмірге белсенді қатысуға дайындығы сыннан өтті. Сайлаушылардың берілген дауыстарына пара-пар партия өкілдіктерін енгізу тепе-тең дауыс беру жүйелерін енгізу жолындағы алғашқы қадам болды.