2004-2005 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЛАР. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН

2004 жылдың 18 наурызындағы Жолдау өзінің «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» деген атауымен-ақ жаңа трендке айналды. 2004 жылы Жолдауда адам әлеуетіне айрықша мән берілді. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі азаматтардың білім-білік деңгейімен анықталады. Осыған орай әлемдік білім беру кеңістігімен бірігу қажеттігі, яғни білім беру саласын халықаралық деңгейге көтеру туралы мәлімделді. Әлеуметтік салада Үкіметке Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске қосу жүктелді. Сонымен бірге 2005–2007 жылдары тұрғын үй құрылысына 150 миллиард теңге инвестиция салынғаны хабарланды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласында зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды кезекті рет өсіру жоспарда тұрды. Бұған қоса, оралмандарға арналған квота 15 мың отбасына дейін көтерілді, бұл мақсаттарға 10 миллиард теңге бөлінді.

«Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауымда (2005 жылдың 16 ақпаны) Қазақстанның ең серпінді дамып келе жатқан елдердің бірі екені атап өтілді. Сол кездері елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі 30 миллиард доллардан асып кеткен болатын, бұл жөнінен еліміз жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында жетекші орындарға шықты. Осы көрсеткіштердің барлығын есептей келе, Бүкіләлемдік банк Қазақстанды табысы орташа деңгейлі елдер тобына қосты, мұның өзі экономиканы реформалау және әрі қарай дамыту ісінде біздің елеулі жетістікке жеткеніміздің дәлелі болды.

Сондай-ақ 2005 жылы бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақысының, шәкіртақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің тағы да өсе түсетіні хабарланды. Елбасы 2005 жылғы Жолдауды қорытындылай келе, алға жылжуды жылдамдата түсудің бірегей мүмкіндігі туып тұрғанына сенімді екенімді айтты. Бұл Қазақстанды әлемнің дамыған және өркендеген елдердің қатарына қосатын бірден-бір жол болмақ еді.