2004 ЖЫЛҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының сайлауы 2004 жылдың 19 қыркүйегінде және 3 қазанында дауыс берудің аралас жүйесі бойынша өтті. Электоралды процесс елдегі саяси жүйенің либералдануы аясында жүрді. Бұл, әсіресе 2002 жылдың шілдесінде «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін және «Қазақстан Республикасындағы сайлаулар туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерден соң (2004 жылдың сәуірі) партиялардың көптеп құрыла бастауынан байқалды. Бұдан бөлек Парламент сайлауының тұңғыш рет қолайлы экономикалық конъюнктура жағдайында және елдің ІЖӨ тұрақты өсімі кезінде өткенін атап көрсеткен жөн. Мұның бәрі партиялық-саяси ландшафтың сапалық тұрғыдан өзгеруіне ықпал етті, түрлі саяси күштердің пайда болуы да сондықтан еді. Сайлау науқаны басталмай жатып, жаңа партиялар құрылып үлгерді, олардың белсенділігі бұл кезеңде едәуір арта түсті.

Парламент сайлауына 12 саяси партия қатысты, оның ішінде төртеуі – екі блок құрамында бірлесе әрекет етті. Аграрлық және Азаматтық партиялар ЕАИО блогын құрса (Еңбекшілердің аграрлық-индустриалық одағы), Қазақстанның Коммунистік партиясы мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы – «Коммунистердің оппозициялық халықтық одағы мен ҚДТ» атты блокқа бірікті. Орташа есеппен алғанда, бір депутаттық орыннан он үміткер дәмелі болды.

Парламент орынтағына барып жайғасқан депутаттардың 59-ын саяси партиялар ұсынған: «Отан» республикалық саяси партиясы – 42, ЕАИО блогы – 11, «Асар» республикалық партиясы – 4, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 1, Қазақстанның демократиялық партиясы – 1 депутат. Өзін-өзі ұсынып, сайлау нәтижесінде парламент құрамына енгендердің саны – 18. Парламент сайлауының жеңімпазы Мәжілістегі депутат орындарының 67 процентін иеленген «Отан» республикалық саяси партиясы болды. Оның ізін ала ЕАИО блогы (14,5 процент) мен «Асар» партиясы орналасты (5,2 процент). Мәжіліс төрағасы болып Орал Мұхамеджанов сайланды. Сайлау науқаны басталардан сәл ғана бұрын, «Отан» партиясының VII съезінде сөйлеген сөзімде, мен «Қазақстан қоғамы саяси кемелдік сынағының алдында тұр» деп атап көрсеткен едім. 2004 жылғы Парламент сайлауының қорытындысы Қазақстан халқының бұл сыннан сүрінбей өткенін аңғартқандай болды.