2007 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА

2007 жылдың 16 мамырында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынып, сөз сөйледі. Бұл шын мәнісіндегі конституциялық реформа болатын. Бұл жоба 2005–2007 жылдары жүргізілген саяси диалогтың нақты нәтижесі еді. Оған әбден пысықталып, тиянақталған жан-жақты ұсыныстар енгізілді. Мемлекеттіктің дағдарысқа қарсы батыл әрекеттерге баруды қажет еткен қалыптасу кезеңінде билік өкілеттіктерін шоғырландыру бағытына дұрыс таңдау жасалды. Енді, жаңа кезеңге қадам басқанда, либералды саяси өзгерістердің уақыты келді.

Елбасы біріншіден, билік өкілеттіктерін қайта бөлу және Парламенттің рөлін көтеру бағытында батыл қадам жасауды ұсынды. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының жалпы саны 154 адамға дейін жетті, мұның өзі Қазақстан халқының санына тура пропорционал. Мәжілістің жеке өзі Үкіметке де, әр министрге де сенімсіздік білдіре алатын болды және бұл рәсім оңайлатылды. Парламент Конституциялық кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) және Есеп палатасының үштен екі бөлігін жасақтау құқығын иеленді. Премьер-Министрді төменгі палата депутаттарының басым көпшілігінің келісімін ала отырып, Президент тағайындайтын болды. Екіншіден, саяси партиялардың рөлін нығайту және Мәжіліс депутаттарын сайлаудан өткен партиялардың өкілдерінен пропорционалды жүйе бойынша сайлау ұсынылды.

Үшіншіден, жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына мүмкіндік туды, мәслихаттар бұл саланың негізіне айналды. Жергілікті өкілетті органдар депутаттарының өкілеттік мерзімі бес жылға ұзарды. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру рәсімі жеңілдетілді. Төртіншіден, сот жүйесінің жұмысы жетілдіріле бастады, сот лауазымына үміткерлерді іріктеу міндеті Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Бесіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін бұл органға конституциялық мәртебе беріп, Сенат пен Мәжілісте оның өкілеттігін қамтамасыз ету арқылы нығайта түсу шаралары қарастырылды. Алтыншыдан, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру, редакциялық саясаттың тәуелсіздігін қамтамасыз ете отырып, журналистердің құқығын қорғау және азаматтық қоғамды әрі қарай дамытуға бағытталған тағы да басқа нақты іс-әрекеттер назарға алынды. Азаматтардың құқығын нығайта түсуге айрықша мән берілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру мәселесі зор маңызға ие болды. 2007 жылдың 18 мамырында екі күнге созылған талқылаудан соң Парламент «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.