2007 ЖЫЛҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ. «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ АЙҚЫН ЖЕҢІСІ
2007 жылдың 18 тамызында Мәжіліс депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесінің шартымен – партиялық тізім бойынша жүзеге асты. Қазақстан азаматтары жекелеген үміткерлерге емес, партиялық бағдарламаларға дауыс берді. 2007 жылдың 20 тамызында Қазақстан халқы Ассамблеясынан (ҚХА) Мәжіліске сайлау өткізілді. Төртінші шақырылымдағы Парламенттің төменгі палатасына барлығы 107 депутат сайланды, оның 98-і – пропорционалды өкілеттік жүйесі бойынша партиялық тізім негізінде, ал 9-ы – ҚХА-дан еді. Бұл Парламент сайлауын конституциялық реформаны қорытындылайтын түпкі нәтиже деуге болады. Жаңа Мәжіліс жаңартылған Конституция алып берген барлық өкілеттікті иеленіп, өз жұмысын бастады. 2007 жылғы Парламент сайлауында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Елбасы сол жылы 2 қыркүйек күні төртінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашып тұрып, «Нұр Отан» партиясының жеңісі біздің партия депутаттарын еліміздің барлық азаматтарының, оның ішінде басқа партияларға дауыс берген жандардың да мүддесін қорғауды міндеттейді, – деп атап көрсетті. Депутаттарға «Сіздер партиямыздың нағыз халықтық сипатын іс жүзінде дәлелдеулеріңіз керек», – деп ескертті. Сайлаудың алғаш рет пропорционалды жүйе бойынша өткізіліп, партия лардың бәрінің сайлаушыларға өз бағдарламаларын таныстыруына мүмкіндік берілгеніне қарамастан, Парламентке тек бір ғана партия өте алды. «Нұр Отан» партиясының саяси салмағы оның қарсыластарына қарағанда әлдеқайда артық екенін ескере келгенде, саяси пікір алуандығын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және партиялардың Парламенттегі өкілеттілігін арттыру мәселелері туындады.