2008 ЖӘНЕ 2009 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЛАР.ЖАҺАНДЫҚ ДАҒДАРЫСҚА ЖАУАП
Жер-жаһанды жаппай жабырқау күйге түсіріп, белгісіздік тұманында қалдырған 2008–2009 жылдардағы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларының мән-маңызын мейлінше арттыра түсті. Барлық жағымсыз жағдаяттарға қарамастан, жыл сайынғы жоспарлау тәжірибесі сенімді түрде жалғаса берді.
2008 жылдың 6 ақпанында Н.Назарбаев қазақстандықтарға «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» деп аталған Жолдауын арнадым. Белең алып бара жатқан әлемдік дағдарыс пен нашарлай бастаған жаһандық экономикалық конъюнктура жағдайында ІЖӨ-нің құлдырауына жол бермеуге және экономиканың өсімін сақтауға мүмкіндік туғызатын бағыттар айқын белгіленді. Өндіруші секторда Қазақстанда игеріліп жатқан халықаралық мұнай жобаларындағы мемлекет үлесін күшейту керектігі сезілді.
Сондай-ақ Жолдауда агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, ал инфрақұрылымдық жобаларға 120 миллиард теңге бөлінгені туралы мәлім етілді. Елбасы қазақстандықтардың әлеуметтік хал-жайын жақсарту үнемі басты назарда болатынын айрықша атап өттім. Тіпті осындай қиын қаржылық жағдайда да бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы көлемін 2010 жылы – 25 процентке, 2011 жылы – 30 процентке көтеру міндеті алға қойылды. Қосымша 1 мың студент гранты мен 40 мың несиеге де қомақты қаражат бөлінді. Жас отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік мекеме жұмыскерлерін қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасы жайында да, атажұртына оралмақ отандастарымыздың квотасын 15 мың отбасыдан 20 мыңға көбейту туралы да айтылды.
Бұл ретте мемлекет дағдарыстың өзін жаңа серпіліс жасаудың мүмкіндігі ретінде пайдалану керектігін мақсат етіп қойды. Өйткені дағдарысқа қарсы шаралар жүйесін оны жеңіп шыға сала экономиканы жедел жаңғыртуды бастап кете алатындай етіп түзу керек болатын. Дағдарысқа қарсы стратегияның үш негізгі бағыты – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, әлеуметтің есен-саулығы және экономиканы жаңғырту – осылай қалыптасты.