2010 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУ. ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ДАМУ
2010 жыл – ел дамуының ең маңызды межесі.2010 жылдың 29 қаңтарында «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталған Жолдау 2020 жылға дейінгі бас жоспарымызға айналды. Жолдауда стратегиялық басымдықтар дәл көрініс тапты: экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту, тиімді сауда және кеден саясатын жүргізу, инвестиция тартуды әрі қарай жалғастыру және жаңа экономикада негізгі күшке айналар кәсіпкерлікті қолдау мәселелері.
Жалпы алғанда, 2010 жылғы Жолдау ел алдына дағдарыстан кейінгі дамудың жаңа көкжиектерін ашты.
2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ өсімі 7,3 процентке жетті, жұмыссыздық деңгейі 5,5 процентке дейін төмендеді. Дағдарысқа қарсы тиімді шаралар экономикада белең ала бастаған жағымсыз құбылыстарды жеңіп шығуға мүмкіндік берді және сонымен бірге қолайлы іскерлік ахуал қалыптастырды. Бизнес-орта анағұрлым ашық та оңтайлы бола түсті, кедергілер азайды, жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Халыққа арнаған сөзінде Елбасы Үкімет үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың бес жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын (162 жоба) жасап шыққанын хабарлады, сондай-ақ әр аймақтағы әр индустриалық жобаны жергілікті билік қана емес, жалпы әлеумет айрықша назарға алып, қадағалауы қажет екенін атап көрсетті.