2011 ЖӘНЕ 2012 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУЛАР. ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРУ
2011 және 2012 жылғы Жолдаулар дүниеге келген кезеңде дамыған елдердің экономикасы жаһандық дағдарыс зардаптарынан әлі толығымен айығып бітпеген болатын. Ал Қазақстан қолда бар қорды жұмсап, бар күшті жұмылдырып, шама-шарқы келгенше жағымсыз үрдістерді жеңіп, өсу-өркендеу жолына қайта түсе алды. Мұның өзі 2011 және 2012 жылғы Жолдауларда экономикалық және әлеуметтік жаңғырудың міндеттерін жаңа биікке көтеруге мүмкіндік берген нәтиже еді. 2011 жылдың 28 қаңтарында «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауда басты басымдықтар ретінде жеделдетілген индустриаландыру, әлеуметтік жаңғыру, бизнесті дамыту, жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы, тұрғын үй-коммуналдық саланың жаңғыруы, құқық қорғау органдарын реформалау және жемқорлықпен күресу сияқты мәселелерді атап көрсетті. Сонымен қатар, әдеттегідей, алдағы жылға жаңа міндеттер қойылды. Негізінен, қоғамда кездесетін масылдық көңіл күйді жоюға тырысу, жұмысынан айырылып қалған жағдайда адамды жаңа мамандық игеруге, жеке бизнес ашуға ынталандыру тәрізді мәселелерді алдыңғы қатарға шығарды.
Үдемелі индустриаландыруға және әртараптандыруға бет бұру жаңа аймақтық саясатты талап етеді. Астана қаласы өзінің «өсу нүктесін» белгілеп алып, әрі қарай өркендей берудің жарқын мысалына айналды және Қазақстанның басқа аймақтарында да осындай жобаларды қолға алуға мүмкіндік берді. Ағымдағы және ұзақ мерзімді перспективалық жоспарлау дамудың макроэкономикалық, салалық және жергілікті аспектілерімен орайластырылды. Салалық және аумақтық мемлекеттік басқару органдары мен бизнес-құрылымдардың іс-әрекеттері өзара үйлестірілуі қажет еді. Сол себепті маңызды екі мәселені шешіп алу керек болды. Біріншіден, өңірлердің сыртқы және ішкі экономикалық бәсекеге қабілетті әлеуетін еңбек ресурстары мен басқа да ресурстарды қайта бөлу арқылы көтеруге қол жеткізу. Екіншіден, жұмыспен қамтуға және өңірлердегі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік беретін өсу нүктесін қалыптастыру.
Бір жылдан соң, 2012 жылдың 27 қаңтарында – «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдау жарияланды. Ол өзіне дейінгі бағдарламалардың жолымен өрлей келіп, 2010 жылдардың әлеуметтік жаңғыру трендін дамытты. Экономикалық жетістіктер мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы теңгерімді табудың маңыздылығы да атап көрсетілді. 2012 жылғы Жолдау тек экономиканың ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік саланың да өркендеуіне бағытталған. Басымдықтардың алғашқы «ондығы» мына ретпен орналастырылды: халықты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру, басқарушылардың біліктілігі, сот және құқық қорғау жүйесі, адам капиталы, зейнет жүйесі, индустриалы жобалар, ауыл шаруашылығын дамыту.