2012 ЖЫЛҒЫ ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ

2012 жылы Парламент Мәжілісінің ғана емес, мәслихат депутаттарын да сайлау мерзімі таяп қалған болатын. Осыған орай, Парламент мүшелері биліктің заң шығарушы тармағының барлық деңгейіндегі сайлауларды біріктіре қатар өткізіп жіберуді жөн деп тауыпты. Бұл шешім әлемдік дағдарыс жағдайында сайлау циклын ұзақ кезеңге созып жіберместен, мұндай ауқымды шараларды ұйымдастыруға, өткізуге жұмсалатын бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік берер еді.

Мәжіліс сайлауы 2012 жылдың 15 қаңтарында болды, оған сайлаушылардың 75 проценті қатысты. ОСК-нің түпкілікті мәліметі бойынша, Парламентке үш партия өтті: сайлаушылардың 80,99 процент дауысын жинаған «Нұр Отан», сосын «Ақ жол» – 7,47 процент және ҚХКП – 7,19 процент. Осылайша, «Нұр Отан» партиясына 83 мандат берілді, «Ақ жол» партиясына – 8, ҚКХП-ға – 7 орын тиді. Келесі күні, 2012 жылдың 16 қаңтарында, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат сайланды. Мәжіліс төрағасы болып Н.Нығматулин сайланды. Халықаралық байқаушылар бұл сайлаудың айқын, ашық және бәсекелі болғанын, ел азаматтары жүрек қалауын еркін білдіре алғанын айтты. Сайлау Қазақстан қоғамы демократиялануының едәуір өсе түскенін көрсетті. Пропорционалды жүйемен сайланған Парламентке тұңғыш рет өз бағдарламаларымен негізгі қоғамдық-саяси трендтерді іс жүзіне асырып жүрген үш саяси партия енді. «Ақ жол» оңшыл-либералдық ұстанымға адалдығын сақтады, ҚКХП дәстүр бойынша солшыл көзқарас ұстанды, ал «Нұр Отан» болса, саяси центризм қағидаларынан айнымайтынын аңғартты.

2012 жылғы Парламент сайлауы либералды жаңғыру жолындағы елеулі қадам болды. Бұл Мәжіліс сайлауының маңызды ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет көппартиялы Парламент сайланды. Жалпы алғанда, 2010–2012 жылдар Қазақстанның ұстанған үдемелі демократиялық жаңғыру бағытынан таймайтынын байқатты.