2015 ЖЫЛҒЫ ЖОЛДАУ — ЖАҢА ЖАҺАНДЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҚАДАМ

2015 жылы 30 қарашада «Қазақстан – жаңа жаһандық ахуалда» атты Жолдау халық назарына ұсынылды. Әлемнің тез өзгеруде екендігі – оның негізгі тезисі болды. Елбасы бұл туралы: «Жаңа сын-қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулады, нарық тұрақты емес, мұнайдан түсетін аса жоғары табыс жоқ, әлемде сенім азайып келеді. Жаңа жаһандық ахуалдағы әлемнің дамуы – әлемдік және аймақтық күш орталықтарының қатал бәсекелестік жағдайында өтетін болады. Сондықтан да жаңа жаһандық ахуалдағы барлық сын-қатерлерге біз үш қарапайым, бірақ маңызды ұғымға – өсім, реформа, дамуға негізделген, дағдарысқа қарсы өз стратегиямызды қарсы қойдық. Өсім – экономиканың қажетті қарқынмен өсуі. Реформалар – ең терең өзгерістер. Даму – қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту» деді.

Жаңа ахуалда жаһандық дағдарысқа тек әртараптандырылған экономика ғана қарсы тұра алады. Демек, теңге бағамының еркін айналымы жағдайындағы қаржы саласын тұрақтандыру үшін, бәсекелестікті ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы кешенді және құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырып, белсенді инвестициялық саясатқа көшу керек болды. Егер бұл мәселелер шешілсе, 2020-шы жылдардың ортасына қарай жыл сайынғы экономикалық өсімді 5 проценттік деңгейге, өңдеуші өнеркәсіп экспортын екі есеге (жылына 30 миллиард долларға дейін), инвестицияның өсімін жыл сайын 10 миллиард долларға өсіре отырып, 100 миллиард долларға дейін жеткізу, 660 мың жаңа жұмыс орнын құрып, еңбек өнімділігін екі есе арттыру көзделді.

Экономикалық тәуекелдерге қарамастан, мемлекет белсенді әлеуметтік саясатты жүргізумен келді. 2016 жылдың қаңтарынан бастап білім беру, денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы 29 процентке дейін, зейнетақы 40 процентке дейін өсті, ортақ зейнетақы индексацияланды. Сондай-ақ 2016 жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылар, шәкіртақылар 25 процентке өсті.