2022 ЖЫЛ — БАЛАЛАР ЖЫЛЫ: «ЕРКЕ ҚЫЗДЫҢ РӨЛІН СОМДАҒАН ҰНАЙДЫ»

Гүлім СЕРІК:

Жасы: 9-да

Туған күні,жылы: 16.08.2012 ж.

Бойы: 123 см

Ол түскен кинолар:

2018 ж. «Сағыныш хаты» қысқаметражды фильмі;

2020 ж. «Зың зың Күлпәш» сериалы (3 сезон) (7 арна);

2020 ж. «Замандастар» сериалы (Қазақстан);

2020 ж. «Меломен» тобының «Қызыма» бейнебаяны;

2021 ж. Salem social «Көршілер» сериалы (YouTube);

2021 ж. Клип Timosho «Если за окном»;

2021 ж. «Үздік қойылым» сериалы (Балапан арнасы);

2021 ж. «Сарай сыры» сериалы (Қазақстан ұлттық арнасы);

2021 ж. «Өмір» сериалы (Salem social);

2021 ж. «Жаханға пахан» толықметражды фильмі.

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев жаңа кірген 2022жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, әр түрлі салада балаларды қолдау мақсатында нақты іс-шаралар жасалынуы керек, – деп атап өтті Президент.

Біз де жыл бойы елімізде әр түрлі салада жетістікке жетіп, танылып жүрген балаларды таныстырмақ ниеттеміз. Алғашқы кейіпкеріміз жас актриса, Шымкент қаласындағы №105 Мукуми атындағы жалпы орта мектептің 4 «Ә» сынып оқушысы Гүлім СЕРІК. Көпшілігіміз оны «Балапан» арнасынан көрсетілетін фильмдерден және отандық танымал сериалдар арқылы танимыз.  

— Сәлем, Гүлім! Жаңа жылды, жаңа оқу тоқсанын қалай қарсы алдың?

— Сәлеметсіз бе?! Жаңа жылда отбасыммен бірге керемет атап өттік. Сыйлықтар алдым. Жаңа оқу жылын онлайн түрде оқып жатырмыз. Бұл кішкене іш пыстырады.

— Өзің қандай пәндерді сүйіп оқисың?

-Қазақ тілі,Орыс тілі, Әдебиет пәндерін жақсы көріп оқимын.

— Гүлім, киноға түсу көптеген баланың арманы. Сен бұл арманға қалай қол жеткіздің?

— Мені анам кішкентайымнан өнерге баулыды. Әртүрлі кастингтерге апарып, бағымды сынатты. Арнайы актерлық курсқа да қатыстым. Алғаш рет «Сағыныш хаты», «Зың-зың Күлпәш»  киноларында кішігірім массовкадан бастадым. Алайда «Замандастар» сериалынан соң бағым жанып, жан-жақтан шақыртулар келе бастады.

— Сені «Балапан» арнасынан берілетін «Үздік қойылым» фильмінде басты рөлдердің бірінен көргенімізге қуаныштымыз. Кинодағы Айзере екеуінде ұқсастықтар бар ма? Жалпы саған қандай рөлдерді сомдаған ұнайды?

— Иә, Айзере екеуміздің ұқсас жерлеріміз көп. Ол мейірімді, досқа адал, сабағын жақсы оқитын, өнерлі қыз. Мен де сол сияқты жан-жақтымын.

— Саған көбінде қандай рөлдерді сомдаған ұнайды?

— Маған қырсық,ерке, айтқанынан қайтпайтын қыздарды ойнаған ұнайды.

— Киноға түсу сен үшін қиын ба? Кино алаңында қандай ерекшеліктер бар?

— Жоқ, мен үшін киноға түсу, рөлге ену қиын емес. Камераны жақсы көремін, қысылмаймын. Тек түнгі уақыттағы түсірілімдерден шаршайтын кезім болады. Ауа райы жайсыз, ыстық кездері ғана қиналамын. Актер болғысы келген балалар ең алдымен шыдамды болғаны жөн.

— Қазіргі балалар тик-токқа өте көп уақыт арнайды? Сен бос уақытыңда немен айналысасың?

-Мен де бос уақытымда тик-ток түсіремін. Бимен айналысамын, блог жүргіземін. Бірақ анам телефонға көп қарауымызға шектеу қояды.

— Болашақтағы арман,мақсатың қандай?

— Мектепті үздік аяқтап, өнер адамы болғым келеді. Атақты актриса, биші, модель болсам деп армандаймын және ата-анамды Меккеге апарсам деймін.  

— Саған осы өнердің бәрі кімнен дарыған деп ойлайсың?

Анам Маликадан. Анам да бала күніңде актриса болуды армандаған екен. «Өнер» мектебінде сахна тілі, поэзия сыныбында оқыған, жақсы билеген. 

— Сабақ пен өнерді қатар алып жүру қиын емес пе?

— Анам арнайы график арқылы бәріне үлгеруіме көмектеседі. Ұстаздарым бағдарламадан қалмауыма барынша атсалысады. Жыл енді басталса да көптеген түсірілімдерге шақырту алып үлгердім. Бірақ сабақ үлгерімімді нашарлатып алмайын, оқуға көбірек ден қояйын деп өз еркіммен бас тарттым. Сен үшін ерекше, жанына жақын кейіпкер кім?

-«Сарай сыры» тарихи сериалындағы Жәңгір ханның қызы Хадиша рөлі маған ерекше ұнайды. Сериал жақын күндері ұлттық арнадан көрсетіледі.

-Гүлім, журналымызға сұхбат бергеніңе рақмет! Алар асуларың, бағындырар белестерің биік болсын!

Марғұлан РАЙЫМБЕК.